Ақсақалдар институтының рухани орны ерекше
Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, табиғи сипаты бар. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған институт –ол ақсақалдар кеңесі еді. Бейнелеп айтқанда халық киіз үйдің керегесі, билік шаңырағы болса, ал, ақсақалдар институты кереге мен шаңырақтың арасын жалғаған итарқа немесе уық болатын. Осы себептен де атам қазақ: «Ауылда көне – көз қарияң болса, жазып қойған хаттан кем емес, ауылда төбең болса, ерттеп қойған жүйрік аттан кем емес» деп мәтелді санасына сіңіріп өскен.
Иә, халық қариясына қарап бой түзейді. Ақсақалына қарап елі өседі, көргендерін бойына түйіп өседі. Жалпы, ру басқаруда ақсақалдар кеңесі қоғамдық-әлеуметтік мәні зор саяси институт, алдыңғы үзігінде ел ағалары тұратын халықтық жиын-кеңес. Ақсақалдар кеңесі ел ішінде орын алған сан-сапат мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығаратын немесе бір шешімге келіп, жоғары инстанцияға ұсыныс беретін халықты басқарудың бейресми тұрпаты. Құқық тарихшыларының зерттеуіне қарағанда, ақсақалдар кеңесінің түп-бастауы көне дәуірден басталады. Ел билеу ісінде ерекше маңызға ие «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» институттары осы ақсақалдар кеңесінен бастау алады.
Әсілі, «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» белгіленген мерзімде алдын ала келісілген жерде өткізіліп отырған. Тек ел басына оқыстан қауіп-қатер төнген жағдайда ғана шұғыл бас қосатын. Ал, ақсақалдар кеңесі туындаған мәселеге орай кез келген уақытта өткізіле беретін. Себебі, ақсақалдар кеңесі жалпыхалықтық мәселені емес, ауыл-аймақ пен ру ішінде туындаған мәселелерді қарастыратын. Атап айтар болсақ, рудың жылдың төрт мезгіліндегі көктеу, жайлау, күзеу, қыстау қоныстарын анықтау, осыған байланысты жер дауы, барымта, құн даулау, айбана төлеу, сондай-ақ, өзге де жол-жоралғы, жөн-жосық, кәде-қаумет, сый-сияпат, ас беру, торқалы той өткізу, ат жарысы мен балуан күресі секілді спорттық ойындар және т.б. тұрмыстық мәдени һәм шаруашылық қарым-қатынастардағы іс-шараларды жосыққа сай атқарған.
Қазақтың дәстүрлі ел билеу жүйесіндегі ақсақалдардың рөлі туралы Д.Кэстль, А.Левшин, А.Леонтьев, Н.Гродеков, Н.Ядринцев, Г.Потанин, А.Янучкевич, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Тынышбаев, Ғ.Мұсағалиев, К.Шүкірәлиевтің еңбектерінде деректер кездеседі. Осылардың ішінде Д.Кэстль кіші жүз жерінде жарты жылдай уақыт болып, көрген-білгенін хатқа түсірген өз естелігінде ру ақсақалдары мен билердің съезінде Әбілхайыр ханның жай күндегі атағынан ат үркетін ерекше мәртебесі көзге көрінбей қалғанын сөз етеді. Яғни, сол кезеңдегі кіші жүздегі хандық басқару жүйесі конституциялық монархиялық басқару тұрпатына ұқсас, шендес еді.
Ақсақалдар институтының құқықтық мәртебесі хақында С.Зиманов, С.Сартаев, Ғ.Сапарғалиев, А.Еренов, Н.Өсеров, С.Өзбекұлы, З.Кенжеәлиев және т.б. зерттеушілер өз еңбектерінде ғылыми ой- тұжырым жасады. Осы ғалымдар өз зерттеулерінде қазақ халқының өзіне тән ерекше билік жүйесі болғанын айта келіп, ел билеу дәстүрімізде өзін-өзі реттеп отыратын қоғамдық құрылым болғанын жеткізеді. Мысалы, ауылды-ақсақал, белгілі-бір географиялық аймақты-би, тайпалардан тұратын ұлысты-сұлтан, жүзді-хан, жүздерді-қаған басқарған. Сұлтан мен хан және қаған болу үшін Шыңғысханның ұрпағы болу шарт еді. Ал, ақсақал мен би болу үшін ақсүйек болу шарт емес-тін. Ақсақал мен би ол – ел ішінен ерекше дарынымен ортаға шыққан көреген көсем, от тісті орақ ауызды ділмәр, аузы дуалы батагөй, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген мәмлегер, елдің рухани тәрбиешісі (психолог), ұлағатты тәлімгер (уағызшы). Айталық, Майқы би, Жиренше, Асан қайғы, Едіге, Әнет баба, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Мөңке, Боранбай, Ескелді, Балпық, Бөлтірік, және т.б абыздар мен билеріміз қара халықтың ішінен өздерінің туа бітті дарынымен ерекшеленіп, сөз ұстар тізгінші, елдің рухани һәм саяси көшбасшысы бола білді. Бір сөзбен айтқанда ақсақал деп ел тағдырын шешуге атсалысқан жан-жақты қабілетке ие қоғам қайраткерін айтамыз.
Абылай ханнан (1771-1781) кейін Қазақ халқының береке-бірлігі кеміп, телім-телім болып өзге елдердің отарына айналды. Күн батыста Ресей патшалығы, шығыстан Цинь патшалығы, күңгейден Қоқан, Бұқара және Хиуа хандықтары қазақ жеріне ауыз салды. Әсіресе, Ресейдің отаршылдық саясаты халықтың талай құндылықтарының жойылуына екпінді әсер етті. Кіші жүз жеріндегі 1786 жылғы «Игельстром реформасы» хандық үкіметті жойса, Сперанскийдің 1822 жылғы «Батыс Сібір қырғыздары (қазақтары)» туралы уставы Орта жүздегі хандық үкіметті жойды. Ресей патшалығы Қазақ жерін отарлаған соң 1867-1868 жылы және 1880-1890 жылдардағы әкімшілік реформалар жүргізіп, дәстүрлі билік жүйесін түбірімен жоюға әрекеттенді. Жалпы, Қазақ халқының көсемдері Ресей мен Цинь патшалықтарына отар болған кезеңде де дәстүрлі билік жүйесін сақтап қалуға тырысып бақты. Оны 1783-1797 жылдары С.Датұлының көтерілісінен кейін Кіші жүзде құрылған «Билер кеңесі», Абақ Керейдің 1836 жылғы «Төрт би төре заңы, Хәкім Абайдың қолтаңбасы қалған 1885 жылы жазылған «Қарамола ережесі», Б.Сыртанов 1909 жылы жазған «Ынтымақ ережесі» және т.б. құқықтық низамнамалардан көре аламыз. Десе де, 1917 жылы құрылған Кеңес үкіметі Қазақтың ескі билік жүйесін жойды. Оның ішінде ақсақалдар институтын да толығымен күйретті.
Исламнан бұрын Мекке қаласын Дарун-Нәдуа атты ру ақсақалдарының парламенті басқаратын. Мұхаммед (с.ғ.с) 610 жылы алғаш рет Хақ дінді паш еткенде, Мекке мүшріктері қатты қарсылық көрсетті. Осы кезде мүшріктердің құқайына тосқауыл болған Меккедегі ақсақалдық жүйе еді. Дәлірек айтар болсақ, Хақ елшісінің (с.ғ.с) қамқоршысы Әбу Тәліп Дарун-Нәдуаға мүше Меккенің құрметті ақсақалы болатын. Құрайыш мүшріктері Мұхаммедке (с.ғ.с) қастандық жасауға Әбу Тәліптен ығатын. Осыған байланысты көптеген ислам тарихшылары «Мекке кезеңінде Мұхаммедке (с.ғ.с) қорған болған дәстүрлі араб жүйесі еді» деген пікір білдіреді. Сонымен бірге, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар болмастан бұрын Мекке қаласының ақсақалдары құрған «Хилфул-фудул» атты ұйым бар еді. Бұл ұйым сырттан келген жолаушылардың құқығын қорғайтын. Алла елшісі (с.ғ.с) кейін Мәдинаға барып мемлекет құрған шақта: «Егер, сондай бір ұйым құрылса, қазір мүше болар ем» деп «Хилфул-фудулды» ерекше сағынышпен еске алған болатын.
Ислам дінінің негіздерінде мемлекеттік басқарудың белгілі бір үлгісі көрсетілмеген. Әйткенмен, дін негіздерінде қоғамды басқарудың «әділдік» және «кеңесу» секілді міндетті қағидалары белгіленген еді. Осыған орай пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзі тірісінде және одан кейін де ислам халифатында мемлекеттік шура (кеңес) жұмыс істеді. Бұл кеңеске көбінесе ислам дінін алғаш қабылаған жасы үлкен ақсақал сахабалар кірген еді. Бәлкім, Алла елшісі (с.ғ.с) «Береке қариялардың қасында» деп, осы мемлекеттік кеңес маңызды шараларды атқарған «алтын ғасырды» (аср-сағадат) нұсқаған болар деп ойлаймыз.
Жалпы, мемлекет басқару ісінде тәжірибесі мол мамандардың қандай бір қоғам болмасын пайдалы болатынына ешкім дау айта алмайды. Әсіресе, елді рухани тұрғыдан басқаруға немесе әдептілікті қалыптастыруда ақсақалдардың рөлі ерекше. Бұл туралы Әбу Бакр Уаррақ былай деген еді: «Қоғамдағы көсемдер дін басылары (улама), ел билеушілер (умара) және хикмет иелері (фурақа) болып үш топқа бөлінеді. Улама жолдан азса, дін кетер. Умара азса, қоғам бұзылар, фурақа азса, ахлақ кетер. Уламаны аздыратын-ашкөздік, умараны аздыратын-әділетсіздік, фурақаны аздыратын-риякерлік. Ел билеушілер дін басыларына құлақ аспайәділетсіздік жайлап, қоғам бұзылса, дін басылар ел билеушілерінің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, руханият иелері риякерлік жасаса, қоғам шіриді».
Орта ғасырлардағы Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде умара рөлін хан-сұлтандар, улама қызметін би мен қазылар, ал, фурақа міндетін абыз ақсақалдар атқарып келді. Патшалық Ресейге бодан болған кезеңде де Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және т.б. ағартушылар халықтың ары мен ұяты бола білді. Тіпті, кешегі кеңестік кезеңде халықтың өз ішінен шыққан ақын-жазушылар мен өнер иелері халықтың рухани тірегіне айналған болатын.
Мемлекеттік деңгейде ақсақалдар институтын жандандыру қолға алынды десек артықтау болар. Өйткені, алғаш қабылданған 1993 жылғы және 1995 жылғы кейін Ата Заңымызда ресми түрде ақсақалдар билігіне қатысты ешқандай бір құқықтық норма қарастырылмаған. Дегенмен, 1989 жылы арнайы ережемен «Қазақ тілі қоғамы» құрылғанда оның жанынан «Ақсақалдар алқасын» құру жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, жер- жерде әкімшіліктер жанынан әлеуметтік институт ретінде «ақсақалдар кеңесі» құрылды. Шынын айту керек, бұл ақсақалдар кеңесі ел игілігі үшін талай ізгі істерді атқарды. Атқарған жұмысының нәтижесіне қарай әкімшіліктер жанынан құрылған ақсақалдар кеңесін консултативті орган деп те бағалауға болады. Жалпы, Еуропадағы жергілікті өзін-өзі басқаруды (де централизация) қолданысқа енгізген көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде ақсақалдар кеңесіне ұқсас органдар жұмыс істейді. Яғни, ақсақалдар институтының әлеуетін ел басқаруға пайдалану ерсі қылық емес деп ойлаймын.
Мысалы, Қазақстан Республикасы 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Заң қабылдады. Медиация дегеніміз латын тілінен аударғанда «бітімгер» деген мағынаны білдіреді. Яғни, даулы мәселедегі талаптардың ерікті келісімі бойынша өзара қолайлы шешімге қол жеткізуге жәрдемдесетін бітімшілдік қызметке деген сұраныс артуына байланысты аталмыш заң қабылданды. Бұл қызметтің орнын Қазақстанда бұрын ақсақалдар кеңесі, билер институты атқарып келген. Яғни, біздің төл танымымызда оның тарихи негіздері бар. Бүгінгі тәжірибеде де ақсақалдар кеңестері дау-дамай тараптарын бір мәмілеге келтіре алатын әлеуетке ие. Мұндай медиация бүгінде сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына, сот жүйесіндегі істердің қысқаруына, экономикалық шығындардың азаюына септігін тигізеді. Түптеп келгенде айтпағым – дәстүрлі ел билеу жүйесінде ақсақалдар институтының рухани рөлі ерекше деп білем. Оны бағалау, жандандыру немесе нақты қолданысқа енгізу халықтың талабына байланысты болмақ.
М.МҮСЛИМОВ.