Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЖЗҚ төлемдерін тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады

БЖЗҚ төлемдерін тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады

Биылдан бастап қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері жеткілікті шектен асқан жағдайда оның бір бөлігін ала алады. Сонымен қатар бұл мүмкіндікті пайдалану үшін азаматтардың жинақ шотында қанша қаражат болу керек екені де хабарланды. Азаматтар біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатқа пайдаланады? Оның тәртібі қандай? Осы және өзге де салымшыларды толғандырған сауалдар аясында Қызылорда облыстық «БЖЗҚ» АҚ филиалының Шиелі аудандық қызмет көрсету орталығының басшысы Мөлдір Досжановамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Мөлдір Ботабайқызы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында негізгі бес бастаманың бірі ретінде зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп атап көрсетті. Президент бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді деді. Сіздің пікіріңіз?
– Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеуге үш триллионнан астам теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бағдарламада негізгі 4 басымдық бар. Бірінші, әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру. Әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдері басшылыққа алынады. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті Президент мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән берілетінін айтты.
Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте мұны инфляция деңгейіне 2 процент қосып жүзеге асыру ұсынылып отыр.
Президент зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу бастамасы оң нәтиже бергенін атап өтті. Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банк» шотына аударуға рұқсат беру қажет деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар, «Баспана хит» және 7-20-25 тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі аяқталатынын мәлімдеді. Нарықтық ипотека жарнасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидаты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр.
– Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе жеке қаржы компанияларға басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы өңірде қалай орындалуда?
– 22 тамыздағы жағдай бойынша Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделулері үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы 16 166 өтініш қаралды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін облыс бойынша БЖЗҚ шамамен 10 816 өтінішті орындай отырып, 34 млрд теңгені салымшылардың арнайы шоттарына аударды.
Орындалған өтініштердің басым бөлігі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілген. Естеріңізге сала кетейік, «Отбасы банкі» уәкілетті операторында ашылған арнайы шотқа біржолғы зейнетақы төлемі түскеннен кейін, алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақының тағайындалған мақсатын растайтын құжаттарды төлемдер түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады. Белгіленген мерзімде уәкілетті операторға растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде азаматтар уәкілетті операторлар арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде өтініште көрсетілген мақсатты өзгертуге құқылы.
Салымшы аударылған соманы БЖЗҚ-ға көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, «Отбасы Банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на өтінім беру арқылы қайтара алады. Оны банк алушыдан қайтару туралы өтініш алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орындауы керек.
– Орындалған өтініштерде зейнетақы жинақтарын пайдаланудың қандай мақсаттары көрсетілген?
– Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға, жеке тұрғын үй құрылысына, жер учаскесін сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы төлем жасауға, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға және т.б. өтініштер. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша БЖЗҚ емделу мақсаттары үшін жалпы сомасы 997 млн теңгеге 1 191 өтінімді орындалды. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеу үшін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы Банкі». Егер алушы БЖТ мақсатты пайдалануды растайтын құжаттарды 45 күн ішінде ұсынбаған болса, олар уәкілетті оператордың арнайы шотынан салымшының жеке зейнетақы шотына кері қайтарылады.
– Жалпы қанша жастағы азаматтар бұл тиімділікке ие?
– 20 жастан бастап 62 жас аралығындағы салымшылар шектік өлшемнен асқанда ала алады. Мәселен, 20 жастағы салымшының шектік мөлшері 1 710 мың. Яғни, 20-62 жас аралығында белгіленген шектік мөлшері бар. Содан асқанда ғана бұл тиімділікке ие бола алады.
– Қазір зейнетақы шотын ашу үшін қандай құжаттар ұсыну керек? Шотты жұмыс беруші аша ала ма?
– 2019 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын ашу автоматты түрде жүзеге асады. Сәйкесінше, жеке тұлғалардың шот ашу үшін өтініш беруі қажет емес. Егер шот жоқ болса, ол БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде бірінші жарна түскеннен кейін автоматты түрде ашылады. Жеке тұлға зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректермен сәйкестендіріледі және құжаттың деректемелері мен басқа да мәліметтері туралы барлық қажетті ақпаратты БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.
– Егер адам зейнет жасына жетпей қайтыс болып кетсе, оның зейнетақы жинағы не болады? Жерлеу төлемі бар ма, әлде барлық ақша бюджетке түсе ме?
– Зейнетақы жинағы – салымшының меншігі. Салымшы немесе алушы, сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған тұлғаға БЖЗҚ-дан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 52,4 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеу үшін біржолғы төлем төленеді. Бірақ, ол шоттағы қаражаттан аспайды. Егер алушының жерлеуге біржолғы төлем жасағаннан кейін зейнетақы жинағының қалдығы белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса қалдық сома жерлеуге төлем ретінде төленеді.
Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мұрагерлік тәртіппен беріледі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота Мұратқызы
14 қыркүйек 2021 ж. 796 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930