Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ АҚШАНЫ ҚАШАН АЛАМЫЗ?

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ АҚШАНЫ ҚАШАН АЛАМЫЗ?

Осы сұрақты халық бүгінде қызу талқылап әлек. Әсіресе әлеуметтік желіде пікір білдірушілер көп. Тіпті кейбірі ақшаны алу үшін қанша айлық алу керектігіне дейін есептеп қойған. Қордағы ақшасы қолына тиер күнді тосып тағат таппай жүргендер қаншама? Десе де жаңа жобаға қарап зейнетақы қорындағы қаржы кез келгеннің уысына түспейтін «бақ» болғалы тұрғанын аңғару қиын емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін мақсатты пайдалануға жұмсауға мүмкіндік жасау жөнінде айтқаны көптің көңілінен шықты. Жолдаудан кейін зейнетақы жинағындағы жылдар бойы жинаған қаржысының бір бөлігін мерзімінен бұрын жұмсайтынына қуанғандар аз болмады. Көпшілік қордағы қаржысын есептей бастады. Тіпті бұл көптің көкейіндегі сұраққа айналды.
Қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент бұл мәселені тағы бір нақтылады. «Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау» деді Мемлекет басшысы.
Ай басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет екенін айтқан болатын. Президент үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды. Жолдаудан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды.
Енді келесі жылдан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері «жеткілікті шектен» асқан жағдайда оның бір бөлігін ала алады.
Зейнетақы қорындағы салымның бір бөлігін алу үшін не істеу керек?
БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы уәкілетті операторға (оны үкімет белгілейді) зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады.
Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, яғни жаңадан салынған не пайдалануда болған үй немесе жер телімін сатып алу, ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру немесе өтеу, өзіне тұрғын үй салу үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болады. Ол үшін салымшы «Тұрғын үй жинақтаушы банкі» қызметін пайдалана алады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.
БЖЗҚ-дағы қаржының бір бөлігін салымшы туысының қажетіне жұмсай ала ма? Қандай шектеу бар?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін өзі немесе ата-анасы, бауыры, әпкесі, сіңлісі, қарындасы. т.б. баспана жағдайын жақсартуға, емдеуге немесе өзге қаржы компанияларына салу үшін пайдалана алады.
«Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін: осы қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды», - деді Нұрымбетов.
Оның сөзінше, тиісті нормативтік құжаттар биылғы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. 2021 жылдан бастап Қазақстанда шамамен 700 мыңнан астам азамат БЖЗҚ-дағы жинақтаушы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін жоғарыда аталған қажетіне ала алады деп хабарлады министр.
Әрине, үкіметтік жұмыс тобыжобаның мейлінше халыққа тиімді тұсын қарастырып жатыр екен. Өйткені, дәл қазіргі талаппен зейнетақы қорындағы қаржыға бас­пана алу мүмкін болмай тұрғаны жасырын емес. Сарапшылар қартайған кезде жақсы көлемде зейнетақы алу үшін қорға 35-40 жыл үздіксіз ақша салып отыру қажет екенін айтады. Ал біздің елдегі зейнетақы жүйесінің пайда болғанына 21 жыл ғана болды. Осы және ел тұрғындарының табысының аздығы, жұмыссыздық, зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша сала алмауы, осының бәрі бұл бастамаға қолбайлау болуда.
Елдің еркіне салсаңыз, зейнетақы қорындағы ақшасын бүгін-ақ сарқып жұмсап тастаудан тайынбас еді. Бірақ бізге үй керек пе, жоқ, күй керек пе? Әрине, «үй керек» дейтіндердің қатары көп болатынына күмәніміз жоқ. Дегенмен де қамсыз қарттығыңыз үшін салынып жатқан ақша ең алдымен өз мақсатына жарауы керек емес пе? Жасыратыны жоқ, жинақтаушы зейнетақы қорындағы әйгілі даулардан кейін елдегі зейнетақы жүйесінің болашағына күмәнмен қарайтындар да жетіп артылады. Сондықтан Үкіметтің бұл бағытта атқаратын шаруасы шаш-етектен.
Дегенмен де азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын түрлі мақсаттарға жұмсау мәселесі әлі екі ай бойы қаралады. Содан кейін ғана заң жобасы тиісті органдарға ұсынылады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
22 қыркүйек 2020 ж. 564 0