Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағы баспанаға жете ме?

Зейнетақы жинағы баспанаға жете ме?

Құстың да өз ұясы болады. Баспаналы болу – әр адамның басты арманы. Әрине қазіргі заманда үй алудың түрлі жолдары бар. Мемлекет те бұл жағынан түрлі жеңілдіктер қарастырған. Дегенмен де облыс, аудан орталығынан пәтер алу әлі де болса оңай шаруа емес. Өткен 2019 жылы қарапайым халықты елеңдеткен және болшағына үмітпен қарауға мүмкіндік берген бір өзекті жайт болды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру бастамасы еді. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банк жыл соңына дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану тетігін ойлап табуға міндеттелген болатын.
Бейнеттің зейнетін көрер күнге жетпей бақилық сапарға аттанып кеткендер қаншама? Ел Президенті Қ.Тоқаев осы мәселені ескеріп, зейнетақы жинағындағы қаржыны баспана, ем алу үшін және қаржы компанияларына басқаруға беруге рұқсат етуді ұсынған болатын. Міне, содан бері әркімнің жалдамалы пәтерінде құқылтайдың күйін кешіп жүрген бұқараның көкейінде бір үміт оты жанған еді. Баспаналы болудың жаңа бастамасындай болған зейнетақы жинағының «шектілік шегін» анықтады.
Жеткіліктілік шегі мөлшерін алдын ала есептеу әртүрлі жастағы адамдар үшін мынадай болды. 20 жас – 1 млн 720 мың, 25 жас – 2 млн 105 мың, 30 жас – 2 млн 518 мың, 35 жас – 2 млн 961 мың, 40 жас – 3 млн 437 мың, 45 жас – 3 млн 947 мың, 50 жас – 4 млн 495 мың, 55 жас – 5 млн 084 мың, 59 жас (және одан жоғары) – 5 млн 586 мың теңге. «Жеткіліктілік шегі» – белгілі бір жастағы салымшы үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы, ол кірістен БЖЗҚ-ға (ЕТЖ-дан төмен емес) болашақтағы тұрақты 10 процент зейнатақы жарналарын ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінде 82 жасқа дейінгі зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалану құқығы 2021 жылдан бастап берілетін болады.
Олай болса әлі де саралап, кем-кетігін түгендеуге уақыт бар. Аталған «шектілік шегіне» Қазақстанда қанша адам ілініп тұр? Санап жіберсек, Қазақстанда 113 мың адамның осы шектен асатын ақшасы бар екен. Бірақ бұл барлық салымшылардың 1,1 проценті ғана деген сөз. Сондай-ақ 5,3 млн адамның 500 мың теңге көлемінде зейнетақы қаражаты жинақталған, бұл – салымшылардың 53 проценті. Ал 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін қаражат жинаған 1,6 млн адам бар. Бұл 16 процент деген сөз. Қысқасы, салымшылардың 84 процентінің шотындағы ақша 2 млн теңгеден аспайды. Жасыратыны жоқ, ауылдағы ағайындардың көбісі тұрақты жұмыс істемегендіктен зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша аудармайтыны да белгілі. Қазақстанда 9,9 млн жуық адамның зейнетақы есепшоты болса, соның 6,5 миллионы ғана жыл сайын кем дегенде бір рет шотына ақша аударады екен.
Ал енді сөзімізді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелдегі сөзімен сабақтасақ. «Біздің бірінші міндетіміз – халықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Жалақы адамның өзіне байланысты. Оған мемлекет әсер ете алмайды. Менің кеңесім – зейнеткерлікке ақша жинағыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз. Барлық табысыңыздың 13 процентін сонда аударыңыз. Сонда 40 жылдан кейін жақсы зейнетақы аласыз. Ал үй алғыңыз келсе, мемлекеттің көмегін, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған бағдарламаларды қолданыңыз».

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
08 қыркүйек 2020 ж. 538 0