Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға қашан жұмсауға болады – министрдің жауабы

Зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға қашан жұмсауға болады – министрдің жауабы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы қаражатты қазақстандықтардың баспана мен білім алу мақсатында жұмсау жоспары қашан әзір болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтті. «Қазіргі уақытта бірыңғай зейнетақы жинақтау қорында 10 трлн теңге көлемінде қаражат бар. Бұл дегеніміз шамамен 9 млн 900 мың адамның зейнетақы қоры. Орта есеппен алсақ, бұл жинақталған сома адам басына шаққанда 1 млн теңгеден келеді.
Сондықтан да Президенттің Жолдауында айтылған зейнетақы қорындағы жинақталған қаржыны қазақстандықтардың баспана мен білім алуға жұмсау мәселесін біз бүгінде Ұлттық банкпен бірлесіп қарастырып жатырмыз. Әрине, бұл кең талқыдан өтуі қажет. Себебі зейнетақы қорындағы қаражат болашақтың ақшасы, яғни зейнеткерлікке шыққанда берілетін төлемақы. Жыл соңына дейін оның қалай жүзеге асырылатыны туралы жоспарды әзірлейтін боламыз», - деді Біржан Нұрымбетов кеңес отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі өз Жодауында азаматтар зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсай алуы керектігін айтқан. Және Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.
09 қыркүйек 2019 ж. 786 0