Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БжЗҚ: Қаржыны ортақ мақсатта біріктіре аласыз

БжЗҚ: Қаржыны ортақ мақсатта біріктіре аласыз

Сиыр жылында сүйіншілеген хабардың бірі – зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау. Басына пана болатын баспана іздеген халықтың тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді бір тетігі болатын Президенттің бұл бастамасы бұқараның көңілінен шықты. Бірақ қордағы қаражаттың аздығы біршама ағайынды бұл сүйіншіден құр қалдырардай көрінді.
Теңіз тамшыдан құралатыны секілді, ақша да тиыннан құралады. Мұны неге айтты демеңіздер. Себебі тұрғын үйге қол жеткізу үшін ағайын-туыстың жәрдемі тимек. Жә, ұзын сөздің қысқасы отбасы мүшелері жеке-жеке жинағындағы қаржыны біріктіріп алуға болады. Осылайша бір үйдің адамдары зейнетақы қорындағы қаржыны бір жерге жиып, ортақ мақсатта пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, жан-жақты талқыланған дүние.
Біздің елде бұрын-соңды болмаған тың іс-шараның жүзеге асырылуы заң жүзінде нақтыланды. Президент биылғы Жолдауында «Менің тапсырмам бойын­ша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады», деп атап көрсетті.

Оңтайлы онлайн платформа
«Отбасы Банк» (бұрынғы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі») азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшаны алу үшін онлайн өтініш беретін платформаны іске қосты. Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға бағытталған платформаға өтініш беру үшін азаматтарға ЭЦҚ кілті керек. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, портал азаматтарға қолдануға ыңғайлы әрі қарапайым.
Онда азамат өзінің зейнетақы жинағын қандай мақсатқа жұмсағысы келетінін таңдай алады. Бірінші мақсат – жеке баспана сатып алған кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Екінші мақсат – адам жаңа үй сатып алып жатса, онда ақшасын ипотека бойынша алғашқы жарнаны төлеуге жұмсау. Сондай-ақ, тұрғын үйге ипотекалық несие алу және ипотекалық қарыз бойынша қарызды ішінара өтеуге, емделуге, қайта қаржыландыру үшін алуға болады. Оған қоса жоғарыда атап өткеніміздей мұқтаж туыстарына зейнетақы жинағының бір бөлігін аударуға құқылы. Айта кетейік ортақ мақсатта біріктірілген қаржыға жақындарыңыздан жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат берілмейді.
Бұған қоса 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін қолданып сатып алынған жылжымайтын мүлікті оған меншік құқығы тіркелген күннен бастап 5 жыл ішінде сатуға болмайды. Бұл талап Президент айтқандай, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы пайда көрудің, алып сатарлық амалдардың алдын алу үшін және тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне әсер етпеуі үшін қолданылады.

САЛЫҚТЫ НЕ ҮШІН ТӨЛЕЙСІЗ?
Қоғамда зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін аларда салық төлеуге қатысты сұрақтар туындады.
– Мысалы, сіздің жалақыңыз 150 мың теңге делік. Оның 10 проценті зейнетақы қорына ауып отырды. Сол 15 мыңнан ешқандай салық алынған жоқ. Қалған 135 000 теңгеден жеке табыс салығы, яғни 10 процент ұсталды. Одан қалса, медициналық сақтандыру қорынан аударылатын 2 проценті бар. Әр жас мөлшеріне байланысты зейнетақы қорының бір бөлігін алу үшін салық төлеу міндетті. Жеткіліктік шегі жетіп, 4 миллион теңге алғысы келген адам 400 000 теңге салық төлейді. Бұл салықты 16 жылға бөліп төлесе де болады, – дейді сарапшылар.
Зейнетақы қоры салымшыларының барлығы бірдей мұндай мүмкіндікті пайдаланса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат 1,4 триллион теңгеге кемитіндігі есептелген. Айта кету керек, Қазақстанда зейнетақы жинағы бар барлығы 10 млн 800 мың адамның шамамен 6 млн-ның жинағындағы сома 500 мыңға да жетпейді. Тұрғын үй жайын жақсарту, отбасы мүшелерінің бірінің еміне қолдану секілді мақсатқа лайықты қолдану үшін қордағы ақша «Отбасы банк» арқылы арнайы шотқа аударылады. Яғни, өзге қажетсіз дүниелерге жұмсамай, нақты істерге көмегі тимек. Сондықтан бейнетпен тапқан қаржының желге ұшпауын да ойлаған абзал. Ал сіз, зейнетақы жинағыңызды тексеріп көрдіңіз бе?!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
09 ақпан 2021 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930