Жолдау-2021: Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының түрлі бағыттары
Сейсенбі күні аудандық актив отырысының бас тақырыбы Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы болды. Аудан әкімі Н.Мақұлбеков төрағалық еткен жиынға әртүрлі сала басшылары және zoom арқылы кент пен ауыл әкімдері қатысты.
Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалған болатын.
Аудан әкімдігінде өткен актив отырысында тарау-тарауға бөлінген жолдауға қатысты сала басшылары баяндама оқып, қолдау білдірді. Себебі, жолдау тек 5 бастамадан ғана тұрмайды, сондай-ақ, 7 бағыт бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жоба арқылы іске аспақ. Мәселен, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту. Соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 процентке артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру. Осы орайда, үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді президент тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық берілетін болады. Микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 проценттен 25 процентке дейін төмендетуді ұсынды. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілердің және басқа да азаматтық қызметшілердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 процентке өсіру. Зейнетақы қорындағы жинақты алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, баспана сатып алуға рұқсат беруді тапсырған мемлекет басшысы осындай қадамдармен пандемияның саладарынан болған ауыртпалықты артқа тастамақ. Осы ретте өңірлердің дамуы жоспардың негізгі бөлігі болып табылатынын ескере отырып, аудан бюджетінің тиімді жұмсалуы да экономиканың дамуына сеп болатынын аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеев баяндама арқылы айта өтті.
Пандемияның әсері барлық салаға оңай тиген жоқ. Әсіресе, білім мен денсаулық салаларының ақсап тұрған тұстары осы пандемия кезінде анық байқалды. Бұған дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың жетіспеушілігі дәлел. Осыған байланысты 2025 жылы 17 проценттен 50 процентке жетуіміз міндетті деген Президенттің сөзін аудандық аурухананың бас дәрігері Н.Әмір қолдады. Жалпы, цифрлық технология мен кәсіпкерлік, ел дамуының басты драйверіне саналған ауыл шаруашылығы, гендерлік саясат, барлығының да дамуы Өркен Исмаил баяндамасында айтқандай алдымен ұлттың ұйысуынан басталады.
Осылайша, сала мамандары бағыттарына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, өңір дамуына атсалысатындарын жеткізді. Бұл ретте атқарылатын істердің дені де көп. «Отан – отбасынан басталады» демекші, республиканың дамуы да өңірдің, аймақтың дамуынан тұрады.
А.БАЗАРБАЙҚЫЗЫ