Аралға 9 көлік аттанды
Аралдағы қуаңшылыққа байланысты аудандағы бірқатар шаруа қожалықтар аталған өңірге жем-шөп жөнелтіп, қолдау көрсеткен болатын. Бұл рухани және моральдық көмек мүмкіндігінше тоқтамай жалғасып келеді. Бұлай деуімізге негіз – сенбі күні жәрмеңкеге ауданнан тоғыз көлік аттанды.
Жалпы, биылғы жылы аудан бойынша 2021-2022 жылға қысқа түсетін шартты 74 100 малға 133 400 тонна шөп, 28 000 тонна сабан, 49 400 тонна жем дайындау жоспарланған. Мұнан бөлек, Арал ауданынының Қосжар, Райым, Жетес би ауылдық округтеріне шөп жіберу жұмыстары өз деңгейінде жүзеге асуда. Мәселен, Шиелі ауданынан бүгінгі күнге дейін жіберілген шөп 115 тоннаны құрап, аралдық ағайынға үлестірілген болатын. Бұл үрдіс жалғасын тауып, 21 тамыз күні Арал ауданында өтетін жем-шөп сату жәрмеңкесіне ауданымыздан 8 көлік шөп, 1 жем тиелген жүк көлігі жөнелтілді. Алайда, бұл жолы жеткізілген жем-шөп халыққа үлестірген жоқ, керісінше арзан бағада саудаланды. Жәрмеңкеге барған шөптің салмағы 85 тонна болса, жем ретінде саналған күріш кебегі 3 тоннаны құрады.
Биылғы қуаңшылық шаруалар қауымын тығырыққа тіреді. Жаз бойы тамшы тамбай, алқаптардың кенезесін кептірді. Қуаңшылықтың қиындығы шаруа баққан жанға үлкен сабақ болды. Бүгінгі күні аралдықтар шөппен қамтамасыз етілгенімен, қыс қалай болады деген уайымда жоқ емес. Биылғы құрғақшылық мәселесі осылай шөп үлестірумен шешілгенімен, келесі жылы да құрғақшылық қайталанса не болмақ?
Малшылар мұндай тығырықтан қолдаудың арқасында жол тауып отыр. Енді осы тұста «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, білім мен еңбектің де қолдауы керек-ақ.
Ақбота Баянбай