Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралмен біргеміз

Аралмен біргеміз


Былтырдан бастап барлық аймақтарда қуаңшылық қатты сезілді. Аралдың жағдайы мүлдем бөлек. Биыл Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланыс­ты төтенше жағдай жарияланды.
Аралдың жайын айтпай, алаңсыз отыра алмаспыз. Қос бүйірден қысқан қуаңшылық, мал азығының тапшылығы халықты титықтатып жіберген еді. Барлығы бір атаның баласындай болған Сыр бойындағы көрші аудандар аралдықтардың ахуалына алаң көңілін білдіріп, көмек қолдарын соза бастады. Шиелі жұртшылығы да қол қусырып отырмай, қиналған жұртқа қолынан келген көмегін беріп, қамқорлық танытып келеді.
Ауданнан шыққан көмек «Қосшар», «Жетес би», «Райым» ауылдарына жөнелтілген. Жуырда ғана Талаптан ауылдық округіндегі «Бала би-2004» шаруа қожалығы Арал ауданына 6 тонна, Жиделіарық ауылдық округіндегі «Жиделіарық» және «Жиделі-1» шаруа қожалығы Арал ауданының Райым ауылына 6 тонна жоңышқа шөбін жөнелтті. Берекелі іс бұнымен біткен жоқ. Шиелі ауданына қарасты Алғабас ауылындағы «Заңғар», «Береке», «Ел ырысы», «Телікөл» шаруа қожалықтары Арал ауданына мал азығын жасақтап, қуаңшылық жайлаған өлкеге 26 тонна шөпті көмек ретінде жіберді. Жалпы айтқанда 115 тонна шөп көмек ретінде жөнелтілді. Бұл қамқорлық ел бірілігінің жарқын көрінісі болса, екінші жағынан аралдық ағайынның тірлігінің түзелуіне бағытталған бастама мен аудандағы әр өңірдің шаруашылық төрағаларының қолдауымен жүзеге асып отқан игі іс дер едік.
– Қазақта жақсы сөз бар: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ауызбіршілік, ынтымақ болса, мұндай көмектің талайын жасауға дайынбыз. Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады. Соны ұмытпайық, ағайын, – деді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков.
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп кемеңгер Абай айтқандай, Аралға күн туғанда Шиелі қарап отырсын ба?! Айыл жиып, ат ерттер ауданның атқамінерлері азаймасын!

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
17 тамыз 2021 ж. 450 0