Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралға көмек жіберілуде

Аралға көмек жіберілуде


Арал ауданындағы қуаңшылық жағадайына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сол себепті, облыстың барлық өңірлері Аралға көмек қолын ұсынуда. Жуырда ғана көршіміз Жаңақорған ауданы 6000 пресс шөп жөнелтті. Осындайда, сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болар шиеліліктер де қарап қалмады. Керісінше, қуаңшылықтан «қуарған» аралдық ағайынға жәрдемін жібере бастады.
Бүгінде қуаңшылықтан қиналған Қарақұм беткейдегі ағайынға елдің түкпір-түкпірінен қайырымдылық мақсатта мал азығы жөнелтуде. Міне, осындай елге төнген табиғи нәубетке қарсы күш біріктіріп, белді бекем буып, біздің аудан да аралдықтарға көмек беруде. Бұл бас­таманы 24 шілдеде «Халық» шаруа қожалығы бастады. Олар 250 прес шөпті Арал ауданының «Қосшар» ауылына жөнелтті. Бұл аралдық тұрғындарға аз да болса көмек болады. Қазақ «Көп түкірсе көл» дегендей өзге өңірлерден де аз-маз шөп барса, ол жақтағы тұрғындардың бір еңсесі көтеріліп қалатыны рас.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековтің сөзінше, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков 1000 прес шөпті аралдықтарға дайындап жатқан көрінеді. Осылайша, Арал ауданына аймақтағы жеті аудан шөп тиелген көлігін жөнелтсе біраз шығынның алдын алуға болады. Алдағы уақытта, сауапты іске шиелілік шаруа қожалықтың төрағалары да қарап қалмай, қолдан келгенше көмегін тигізеді.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
27 шілде 2021 ж. 696 0