Жәрдем – қиындықты еңсерудің бір жолы
Көктемнен бергі қуаңшылықтан қысылған аралдық ағайындарға қысқы мал азығын дайындау оңай емес. Мал азып, қырып алар еті жоқ, терісі сүйегіне жабысқан әлеуметтік желідегі төрт түліктің суреті халықты алаңдатқан болатын. Қуаңшылыққа байланысты елімізде тұңғыш рет төтенше жағдай жарияланды. Содан мал азығынан қысылған ағайынға көмек қолын созған өңірлер жер-жерден шөп жөнелтуде. Оның ішінде Шиелі ауданы да қайырымдылық шарасынан қол үзбей, қиналған ағайынға көмек қолын ұсынды.
Биылғы жаз еліміздің шаруалары үшін оңай соқпауда. Әсіресе, еліміздің батыс және Арал өңірлеріндегі шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартуда. Жем-шөптің тапшылығы қазақтың ата кәсібіне орасан зор зиян келтіріп отыр. Мал басын аман сақтап қалу үшін оларға жан-жақтан көмек жөнелтілуде. Облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың бастамасымен қолға алынған игі бастамаға «Алтын дән» және «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшылары да қолдау білдіріп отыр. Соның бір дәлелі — өткен аптада аталған екі шаруашылықтың басшылары Асқар Бердібаев пен Талғат Байдалиев Аралға қысқы мал азығын жіберген болатын. «Алтын дән» шаруа қожалығынан 600 қамыс пресс, ал «Бидайкөл» шаруа қожалығынан 700 пресс жоңышқа жүк көліктеріне тиеліп, аттанды.
– Жақында ғана Ақмая шаруа қожалығы шөп жөнелткен болатын. Сол үрдісті жалғастыруға бекіндік. Жер үлестері бар ауыл тұрғындары да жақсылыққа себепкер болайық деп жанашырлық танытып жүр. Жөнелтілген шөп екінші орымның шөбі, алда үшінші орым бар. Жақсылық жасау арқылы адамның жаны семіреді емес пе, сондықтан бұл игі бастама басқа ауылдарда да жалғасын табады деген сенімдеміз, – дейді Асқар Бердібаев.
– Иә, «Шөбі көптің – малы тоқ» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, шаруалар қазіргі аптап ыстыққа қарамастан, тырбанып жатқаны сол малдың қамы. Сол себепті шөп шабуға барлық жерде де айрықша көңіл бөлініп, барды жинап алуға мезгілінде күш салынуы керек. Қытымыр қысқа дайындықты жаздан бастамасақ, кейін қылышын сүйретіп келген қысқа өкпе артуымыз орынсыз болады. Сол үшін бар сайманымызбен егістік алқабындамыз, – дейді Талғат Байдалиев.
Жалпы, бұған дейін Шиелі ауданынан 65 тонна шөп жөнелтілсе, кеше жіберілген шөп 27 тоннаны құрайды. Бұл игі шара осымен тоқтамайды, жалғасын табады. Бүгінге дейін Арал ауданына жан-жақтан келген мал азығы 7656,3 тоннаны құрайды. Оның 7407 тоннасы шөп, 249,3 тоннасы жем. Осынша шөптің мұқтаж жандарға таратылуы әсте қиындықтан шығуға үлкен көмек болары сөзсіз.
А.МҰРАТҚЫЗЫ