Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шабындыққа шалғы түст

Шабындыққа шалғы түст

Ауылдағы шаруа қылышын сүйретіп келетін қыстан қысылып қалмаудың қамын жаздан ойлайды. Жер аяғы кеңігеннен тыным таппай техникасын сайлап, шөпке – мал азығын дайындауға аттанады. Олай етпеске шарасы да жоқ. Ірі шаруа қожалықтарын айтпағанда, қорасына бірді-екілі ірі қарасын бағатын ауылдағылар қысқы отыннан бөлек жем-шөбін сайлап алмаса, қыс қысқанда шаруасы да шатқаяқтайды…
Жаздың бір күні – жылға азық. Дәл қазір Шиелі ауданының шаруалары қысқы мал азығын даярлаудың қамына кірісті. Ауданда қазір шөп шабудың қызған шағы. Шаруалар күн-түн демей, бел жазбай жұмыс істеуде. Қажетті техника да жеткілікті.
Биыл Шиелі ауданы бойынша 7973 гектар мал азығын ору жоспарланған. Оның 4948 гектары ескі жоңышқаға тиесілі. Шөп ору науқанына белсене кіріскен шаруалар межеленген жоспардың жартысына жуығын орындап қойды. Нақты кезеңде 4710 гектар алқап орылып бітті. Орташа өнім гектарына 40 центнерден берілуде. Биылғы жылы шөптің шүйгін болуы шаруаларды қуантып отыр.
Биыл шөптің бағасы да өткен жылғымен тұрақты. Пресс шөптің бір данасы – 300-350 теңгеден саудаланса, рулон шөп – 3500-4000 теңгеге тұрақтап тұр.
Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуы ауылдағы шаруалардың нәтижелі еңбегіне тікелей байланысты екені белгілі. Шиелі ауданының шаруалары да егін және мал шаруашылықтарымен айналысу арқылы аграрлық сектордың ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы үшін өзіндік үлесін қосуда.
Биыл мал азығы қорынан тапшылық болмайтын сыңайлы. Дала еңбеккерлерінің жем-шөп дайындау жолындағы қарқынды еңбектері соның нақты айғағындай.
Шөп ору науқаны мамыр айының алғашқы онкүндігінде-ақ жаппай басталғанын ескерсек, шаруашылықтарда қара күзге дейін әлі талай мая-мая шөп тұрғызылары анық.
Шаруалардың бар мақсаты – көпжылдық шөпті тез әрі сапалы орып, жинап алу ғана. Қысқы мал азығын қамдау – ойлап қарағанға оңай емес. Мемлекет тарапынан шаруашылықтың өзге түрлеріне көмек көрсетілгенімен, шөп шабу науқаны тысқары қалған сала. Жаздың ыстығына қалдырмай, қурап кетпей шауып, оны жауын-шашынға қалдырмай тасып алу қыруар еңбекті қажет етеді. Қалай айтсақ та піскен егінді уақытылы орып, босқа ысырап етпеу және қалың шыққан шөптен кейінгі жылдарға қор жинап алу басты міндет болып отыр.

Гүлхан ЯХИЯ
13 маусым 2020 ж. 1 067 0