Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел біріксе еңсе көтеріледі

Ел біріксе еңсе көтеріледі


Сырдың суы тартылып, шаруаның шыбын жаны шыға жаздады. Оған қыстағы қардың, көктемгі жауын-шашынның аздығын қосыңыз. Су деңгейі түскен соң, егістік алқабы да қысқара түсері сөзсіз. Осындайда, «су – тіршілік көзі» деп тауып айтқан қазекемнен қалай айналмайсың? Расында, Сыр-Ананың суы ана сүтіндей қастерлі екенін тағы бір ұққандаймыз.
Аралдың жайын айтпай, алаңсыз отыра алмаспыз. Қос бүйірден қысқан қуаңшылық, мал азығының тапшылығы халықты титықтатып жіберген еді.Аралдықтардың негізгі кәсібі – төрт түлігі, байлығы – балығы емес пе? Алайда, Сырдария сарқылған соң, Аралдағы көл-сай да тартылып кетті. Тығырықтан шығар жолды ауыл шаруашылық министрі тәжіктің «Бахри Точик» су қоймасынан маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр және «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метрден, яғни жыл сайын маусым-тамыз айлары аралығында қосымша су жіберу туралы келісіммен ұштастырды. Осылайша, сұрап алған су Сыр-Ананың сағасын толтырады деп күтілуде.
Сондай-ақ, 29 шілде күні ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қызылорда облысына келді. Қуаңшылықтың құрығынан құтылудың жолдарын қарастырған ол «Біріншіден, Үкімет резервінен Қызылорда облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың қыстағына жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін өткен аптада 1,7 млрд теңге бөлінді. Қазір осы қаражатты барлық шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде жеткізу қажет. Екіншіден, азық-түлік келісімшарт корпорациясы 490 тонна арпаны нарықтағыдан төмен бағамен сатты. Жалпы, биыл жемдік астық қорын 370 мың тоннаға жеткізу жоспарымызда бар. Үшіншіден, фермерлердің жем-шөп дайындауына қосымша арзандатылған жанар-жағармай бөлінетін болды. Қазір энергетика министрлігімен барлық мәселелер пысықталды. Тамыз айынан бастап облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізілетін болады. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді», – деді.
Құрғақшылықпен күресу үшін атқарылып жатқан бұл жұмыстарға барлық аудандар да өз үлестерін қосуда. Барлығы бір атаның баласындай болған Сыр бойындағы көрші аудандар аралдықтардың ахуалына алаң көңілін білдіріп, көмек қолдарын соза бастады. Мәселен, бұрнағы күні Шиелі ауданынан 1200 пресс, 54 бума жоңышқа шөбі жөнелтілді. Ауданнан шыққан көмек Арал ауданы, Құланды ауылдық округі, Ақбасты ауылының тұрғындарына таратылды. «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков 1000 пресс, 54 бума жоңышқа шөбін жиып белгіленген орынға келді. «Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Расында, табиғаттың сынынан сүрінбей өту үшін бірлесіп жұмыс істесек, бәрін де жеңіп шығамыз. Құрғақшылықтан қиындыққа тап болған аралдықтарға шиеліліктердің атынан аз да болса жәрдемімізді тигізсек деген ниетіміз бұл» – деді, Д.Жұмбеков. Сондай-ақ, «Бестам-Елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаров та қайырлы істің басы қасынан табылды. Жанашырлықтың жарқын үлесін танытқан төраға «саусақ бірікпей ине ілікпейтінін» тілге тиек етіп, жақсылық жасауға жарысайық деді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 шілде 2021 ж. 582 0