Жылу жүйесіне дайындық пысықталды
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің жиналыс залында ауданның сала басшылары 2021-2022 жылдың жылу беру жүйесіне байланысты дайындық жұмысын пысықтап, аудан әкіміне есеп берді. Ал ауылдық округ әкімдері Zoom бағдарламасымен қатысты.
Жиналысты аудан әкімі Н.Мақұлбеков жүргізді. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе білім, денсаулық, мәдениет салаларының алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы болды. Жылу жүйесіне байланысты дайындалған Д.Аманның мәліметінде 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 143 нысан, оның ішінде білім саласы – 53, мәдениет – 29, спорт – 9, денсаулық саласы – 41 және кент, ауылдық округтердегі әкімдіктерге қарасты 11 балабақша даярлануда. Жалпы, аудандағы әлеуметтік сала бойынша алдағы жылу беру маусымына барлығы 8739 тонна қатты отын, 976 тонна сұйық отын қажет. Қазіргі таңда, 672 тонна көмір, 21,8 тонна сұйық отын бар. Ағымдағы жылғы 25-ші тамызға дейін салаларға 1200 тонна көмір келеді деп күтілуде. Ал, жеке тұрғындарға 12 000 тонна көмір қажет. Бүгінгі күні ауданға 720 тонна Шұбаркөл көмірі келген.
Жылу беру науқанының дайындық барысы жөнінде білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жадыра Отарбаева және Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір баяндап, қазір атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысындағы мәліметке сүйенсек, білім бөлімі бойынша ғимараттардың 60 проценті жәй жөндеуден өткізілген. Дегенмен 10 мектеп пен 2 балабақшаның бу қазандықтарын ауыстыруды қажет етіп тұр. Сондай-ақ, №45, №148, №149 мектептердің бу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары созылуда. Мұнымен қоса, қолданыстағы нормалар мен ережелерге және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін №46, №157, №252 мектептері мен Балауса, Қарлығаш, Раушан балабақшаларындағы бу қазандықтары бар. Оларды қауіпсіз орынға көшіру қажет екен. Дайындық барысы 1 айға да созылуы бек мүмкін мектептерді естіген аудан әкімі тиісті басшыларға нысандардың барлығын өзі тексеретінін және тезірек жылу беру маусымына толық дайын болуына пәрмен берді.
«Жаз ыстық болса, қыста дәл солай суық болады» деген қазақта бұрыннан қалыптасқан тәмсіл бар. Биыл көктемнің кеш шығып, аяқ астынан күрт ысуын ескерсек, күз бен қыстың ауа райына да сенім жоқ. 10 күннен соң күзбен қатар оқушылар да сағынышпен мектепке оралады. 1 жарым жыл мектепке бармаған оқушылар құрал-сайманын сайлап асығып отыр. Алайда, жылу жүйесі толықтай дайын емес.
Кей мектептерде бу қазандықтары ережеге сай орнатылмаса, енді бірінде газға ауыстыру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Жылу бұрыннан 15 қазанда беріледі. Бірақ, сенімсіз ауа райының әсерінен ертерек жылу беру керек болса, дайындығы бітпеген мектептерде оқушылардың білім алуына кедергі жасап, жұмысшылар сынып аралап тексеріп жүреді. Жазғы демалысқа байланысты мектептер 3 ай бос тұрды. Осы уақытта дайындық пысықталып, жөндеу жұмыстары неге ертерек жасалмайды деген сұрақ бізді мазалайды. Бұл тек мектептерге ғана қатысты дүние емес, мәдениет ошақтары мен ауруханаға да қатысты дүние. Себебі, күннен күнге ауруханада жұқпалы дерттің құрығына ілінген жандардың қатары көбеюде.
Мұнан кейінгі күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудандағы эпид ахуалдың тұрақсыздануы және күніне 20-30 адамнан індет белгілерінің білінуі. Мониторнгтік топ жұмыс жасап, күнделікті түсіндірме, ескерту жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылса да, вакцина алушы аз, науқастар саны күннен күнге артып отыр. Себебі, түсінікті болғанымен халық салғырттыққа жол беруде.
– Аудан бойынша 38 мыңнан асатын тұрғын вакцина алуға міндеттеледі. Бұл мәжбүрлеу емес, бірақ жағдайға байланысты туындап отырған міндеттеме. Жалпы жағдайды аудан халқы түсінуге тиісті. Бір күн тойлап, жақыныңнан айырылу деген сұмдық. Адам өмірі ойыншық емес, – деді аудан әкімі Н.Мақұлбеков.
Тойханалардағы жиын-той тоқтатылғанымен ауыл арасындағы қызықшылық тоқталмай тұр. Бұл мәселеде ауыл әкімдері бейқам отыр. Ауылішілік қуанышты білсе де білмегендей кейіп танытып, тоқтатуға құлшынбайды. Яғни, тек мобилді топ қана жауапты деген түсінік қалыптасқандай. Салдарынан індеттің таралу ауқымы кеңейіп, аудандағы эпидемиологиялық ахуал белсенділігі өршуде. Ауыл әкімдері де ауылішілік мобилді топ құрып, ағайындыққа салмай тексеріс жүргізсе деген ой біздікі.
Ақбота Баянбай