Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан салада серпін бар

Сан салада серпін бар


Аудандағы атқарылған әрбір игілікті іс пен жаңалықтың, жаңарудың куәсі – халық. Ал, халыққа жеткізуші – «төртінші билік». Осы даналық сөзді ескере отырып, аптаның алғашқы жұмыс күнінде Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков облыстық баспасөз орталығында бұқаралық ақпарат құралдарына ауданның 2021 жылдың I жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, брифинг өткізді.
Әкім алдымен республикалық деңгейдегі мәселелерге тоқталып, тарқата баяндады. Сөздің алдын 2020 жылдан бергі жатталған вирустың әлегі, салдары, алдын алу жұмыстары мен екпеден бастады.

Індетке тосқауыл тек екпе
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі – коронавирустың алдын алу, халықты жаппай екпе салдыруға шақыру және екпе арқылы елдің денсаулығын сақтап қалу. Жалпы, жыл басынан бері ауданда 812 коронавирус инфекциясы тіркелсе, өкінішке қарай, оның 91-і балалар. Қазіргі таңда, 125 науқас ауруханада, 120 науқас амбулаториялық бақылауда ем алып жатыр. Сондай-ақ, өкінішке қарай, індеттің кесірінен 10 жерлесіміз қайтыс болды. Негізінен індетке қарсы 200 орын дайындалған және науқастардың еміне 87 дәрігер жауапты.
Пандемияның салдарынан жақындарымен байланыс, қарым-қатынас орната алмаған медицина қызметкерлері үшін ауданда түрлі бағытта қолдау шаралары ұйымдастырылуда. Әсіресе, еріктілер тарапынан аурухана айналасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, демалыс уақыттарында шағын көлемде концерт, кездесулер ұйымдастырылып, моральдық тұрғыдан колдау шаралары өтуде және бұл жұмыстар жалғаса бермек.
Қазіргі таңда, індетпен күресудің бірден бір жолы – вакцина екендігі белгілі. Ауданда вакцина егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, аудандық емханадан 3 арнайы бөлме, 4 мобильді топ, 8 дәрігер, 18 орта буын қызметкер бөлініп, жұмыс жасау­да. Жалпы, екпе ауданға наурыз айынан бас­тап әкелініп, 25 мыңға жуық тұрғынға салынды. Бүгінде екпенің І компонентін 23 мың адам, ІІ компонентін 18 мыңға жуық адам алды. Аудан бойынша екпе салдыруға жоспарланған 38381 тұрғынның бүгінгі күні 60,1 проценті екпе алған. Сондай-ақ, ұжымдық иммундық жүйені қалыптастыру маңызды болғандықтан аудан бойынша ақпараттық түсіндіру топтары сақтық шараларын сақтау мақсатында әрбір адамға, әрбір үйге жадынама таратуда. Мұнымен бірге, індетке қарсы 26 мониторингтік топ ауданда 138 рейд жүргізіп, 620 нысанды қамтыған. Одан бөлек 18 шұғыл хабарлама келіп түскен. Рейдтік бақылау барысында карантин тәртібін бұзған 46 нысанға әкімшілік хаттама толтырылған.
Аудан тұрғындарының көпшілік жиналатын орындарына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП» Шиелі аудандық филиалымен бірлесе келе жоспарланған 32 түрлі сала бойынша 64 нысанның 47-сі «Ashyq» жобасына енгізілген. Бүгінде «Ashyq» бағдарламасына тіркелген ерікті кәсіпкерлер мен мекемелер саны 239.
Індеттің қоғам өміріне еніп, ілкімді істердің басталуына барынша тосқауыл болуына қарамастан кезең-кезеңімен мемлекет тарапынан қолдау көрген жобалар іске асуда. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселелер шешімін тауып, аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, жуырда ғана халық сайлауымен 5 ауыл әкімі сайланды. Бұл, әрине, Мемлекет басшысының тапсырмасы арқылы жүзеге асып отыр. Сонымен ауылдық округ әкімдерін сайлауға 14 үміткер түсті. Майлытоғай, Талаптан, Ортақшыл, Жөлек, Жуантөбе ауылдық округтері бойынша 6469 сайлаушының 5247-сі дауыс беріп, 81,1 процентті құрады.
Мұнан кейін тәуелсіздік алғалы үшінші жалпы халық санағы екенін еске сала отыр­ып, аудандағы халық санағының өз дәрежесінде ержеге сай өтіп жатқандығын тілге тиек етті аудан басшысы.

Қыстың қамын жаз ойла
«Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы – асыраушы сала» деп бастаған аудан әкімі Н.Мақұлбеков ағымдағы жылдың 1 шілдесіне ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы 5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7%-ке артқанын айтты. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша биылғы жылы 30189 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ал, негізгі дақыл – күріштің үлесі – 12 039 гектар.
– Биылғы жылы аудан бойынша 2021-2022 жылға қысқа түсетін шартты мал басы 74 100 бас, осы мал басына 133 400 тонна шөп дайын­дау жоспарланды. Бүгінгі күнге аудан бойынша барлығы 92 200 тонна шөп жиналды. Қысқы мезгілге қажетті мал азығын жинауды қазан ­айына дейін аяқтайтын боламыз.
Өздеріңізге белгілі, Арал ауданында қуаңшылық белең алып, аралдық жерлестеріміз қиындыққа тап болды. Шаруашылықтардың қолдауымен бүгінгі күні Арал ауданы Райым, Қосжар, Ақирек ауылдарына 89 тонна шөп тегін жіберілді. Ауданның шаруашылықтары тарапынан әлі де болса қолдау шаралары жүргізіліп, төмен бағамен қажетті шөптен көмек берілетін болады. Ал, мал шаруашылығына келсек, аудан бойынша барлық төрт түлік мал саны: ірі қара – 74 195 бас, қой мен ешкі – 121 339 бас, түйе – 1 630 бас, жылқы – 21 745 бас, құс – 31 943 басты құрады. Мүйізді ірі қара 116%-ке, қой мен ешкі 117,6%-ке, түйе 108%-ке, жылқы 115%-ке өскен.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында да бірнеше мәселелер бар. Күнделікті халық тұтынатын тауарлардың бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Бізді халықтың көп тұтынатын нан бағасының қымбаттауы алаңдатқан болатын. Осы мәселеге байланысты ауданда қызмет жасайтын наубайхана иелерімен шұғыл түрде кездестім. Аталған кездесуде тиісті келіссөздер жүргізілді. Нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлердің уәждері тыңдалып, терең талдау жасалды. Әрі қарай нан бағасын өсірмеу үшін бірлескен шаралар айқындалды. Бұл мәселе аудан әкімдігінің күнделікті бақылауына алынды, – деді аудан әкімі.

117 баспана беріледі
Мұнан соң жалпы құрылыс жұмыстарына назар аударта отырып, жақын арада тұрғын үйлердің берілетінін айтты.
– «Аудан бойынша 6 айда пайдалануға берілген жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 31 мың шаршы метрді құрап, 112 процентке орындалды» десе, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3 жəне Шығыс-4 мөлтек аудандары салынды. Бұған жобаны толық жүзеге асыру үшін 3 жылда 786,5 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Мұнымен бірге «Береке» шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй салу жұмыстарына 441 млн теңге қаржы қаралып, толық игеріліп, нысан пайдалануға жақын арада берілетін болады. Қазіргі таңда, «Отбасы банкімен» тығыз жұмыстар жүргізілуде. Бұлардан бөлек, кентте 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмысына республикалық және облыстық бюджеттерден 719 млн теңге қаржы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға 20 үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 168 млн теңге, облыстық бюджеттен 16,8 млн теңге қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін 117 бас­пананы ел игілігіне беретін боламыз.
Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 97 маманға барлығы 424 млн теңге қаржы бөлініп, 64 маманға 280 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылып, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтiк қолдау шаралары көрсетілді» деп аудан тұрғындары үшін жасалған игі жаңалықпен қуантты.
Тағы бір қуанышты жаңалық – ҚР Ұлттық қор есебінен ­Н.Бекежанов ауылына тартылған газ тамыз айының соңында көгілдір отынға қосылса, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде Шеген Қодаманов ауылына газ құбыры тартылып, қараша айына дейін Тұран ауылдық округінде толық газға қосуды көздеп отыр. Сонымен бірге, Ақмая және Жуантөбе ауылдық округтерін газдандыру үшін барлық қажетті құжаттары дайындалып, тиісті салалық басқармалар тарапынан қаржы бөлу үшін ұсыныс берілген. Ал, Еңбекші, Жиделіарық, Досбол Датқа, Ә.Тәжібаев, Бестам, Алмалы елді мекендерін табиғи газға қосу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, Шиелі ауданы бойын­ша 60 процент тұрғындар табиғи газбен қамтылған.

Жол жөнделеді
Шиелі ауданының аумағында жалпы ұзындығы 323 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 80 км республикалық, 98 км облыстық және 145 км аудандық маңыздағы жолдарымыз бар. 2021 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 650 млн 600 мың теңге бөлінді, ұзындығы 20 км жол жөндеу жос­парлануда. Биылғы жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 186,4 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа Тартоғай (2 көше), Бәйгеқұм (3 көше), Алмалы (3 көше) және Ш.Қодаманов (3 көше) елді мекендеріндегі барлығы 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Аудандық маңыздағы 90 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстау және кент, ауылішілік 30 көшені орташа жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен барлығы 392 млн 625 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Жолмен қатар, аудан орталығын абаттандыру мақсатында қажетті қаражат бөлініп, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, ауданға қарасты ауылдық округтердің дамуы ешқашан аудан әкімдігінің назарынан тыс қалған емес.
Бүгінгі күні 12 ауылдық округке балалар ойыны мен спорт жаттығу, 15 ауылдық округтің 36 көшесін жарықтандыруға 95,9 млн теңге, Бәйтерек және Иіркөл ауылдық округтеріне ұзындығы 2,8 шақырым жаяу жүргінші жолын салу үшін 17,6 млн теңге және 9 ауылдық округке кіреберіс төлқұжат орнатуға 72,0 млн теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жақында ғана аудандық сессияда 402 млн теңге қаражатты нақтылап, ауданның дамуына бағыттадық, – деді Н.Мақұлбеков.

Ақбота БАЯНБАЙ
17 тамыз 2021 ж. 440 0