80 бос жұмыс орны бар
Жұмыссыздық қай уақытта да қоғамдағы өзекті мәселе. Әлеуметтің еңбек өнімділігін арттыру мен жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін мемлекеттің тарапынан ұдайы бағдарламалар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі.
Жәрмеңке өткізудің мақсаты – жұмыс беруші мекемелер қажетті мамандар таңдауларына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына, сұхбаттасып жүздесулеріне ықпал жасау. Жаһандық мәселеге айналған жұмыссыздықпен әлем елдері де күресіп келеді. Мәселен, «еңбекқорлар елі» аталатын Оңтүстік Кореяның өзінде жыл сайын жұмыссыздық дерегі артып келеді. Ал, біздегі жұмыссыздықтың себебі неде?
Біріншіден, ауылда екі қолға бір күректің жоқтығы. Кімнің маңдайы шылқып жүр дейсің? Қолындағы азғантай малға қарап отырғандар бар. Тіпті, бағарға малы жоқтар да баршылық. Жұмыс болған күннің өзінде маусымдық қана. Көбісі жаз айларында егін егу, мал бағу, шөп шабу, отын дайындау сынды жұмыстарға араласады. Қытымыр қыс келгенде жұмыс таппай, қысылып шығатындығы анық. Екіншіден, қалаға жұмысқа кетейін десе, басында баспанасы жоқ. Үшіншіден, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» (Абай).
Кей жастарды жұмыссыздық тентіретіп жіберді. Ата-анасының зейнетақысына жармасып, күнелтушілер де жоқ емес. Қолы бос жастардың бірқатары ішкілікке салынса, енді біреулерінің шаңырақтары шайқалып, жоқтықтың шырмауына шырмалғанын көзіміз көріп жүр. Тағы бірі бар жұмысты қаламай, былғары орындық, жайлы офисті қалайды.
Еңбек бағдарламасы аясында ауданда бүгінде үш бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Яғни, бірінші бағыты – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Осы бағыт аясында қыркүйек айынан бастап 75 азаматты техникалық және кәсіптік білім алуға 3 жылға дейінгі мерзімде оқыту жоспарланып отыр, – дейді мамандар.
Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші шеңбері «Бастау Бизнес» жобасы аясында 287 азамат оқуға жолданып, бүгінгі күні сол азаматтардың 187-сі оқу курстарын аяқтады. Оқу курсын аяқтағандар қатарынан 58 азаматқа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант берілген. Биылғы жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 311 азаматқа 583400 теңге көлемінде жалпы 181 437,4 мың теңге қайтарымсыз негізде грант беріліп, өз кәсіптерін ашуда. Мемлекеттік грант алған 311 азаматтың 72-сі 29 жасқа дейінгі жастар, 99-ы көпбалалы отбасылар, 4 мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 195 АӘК алушы тұрмысы төмен отбасылар. Сонымен қатар, ағымдағы жылы өз кәсібін ашу немесе кеңейту мақсатында 50 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, жыл басынан 33 азаматқа мал басын көбейту бағытында 161 млн 814 мың теңге шағын несие берілді. Қосымша 38 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту қызметтері жүргізіліп келеді.
– Бүгінгі таңда әлеуметтік жұмыс орындарында 117 азамат уақытша негізде жұмысқа жолданған. Келісім шарт мерзімі аяқталған 9 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмыссыз 362 жас азамат жастар практикасына жолданып, келісім-шарт мерзімі аяқталған 96 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 1121 азамат құжаттармен жұмыс жасауға және санитарлық тазалық, ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Оның ішінде 92 азамат тұрақты жұмыс тапты. 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасымен 3 азамат 18 ай мерзімдік жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба аясында 16 мен 29 жасқа дейінгі 8 азамат мамандықтары бойынша 24 ай мерзімге жұмысқа тартылды. Аталған екі жобаның талаптарына сәйкес жолданған азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді Шиелі ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов.
Иә, бүгінде осы жәрмеңкенің игілігін көргендердің бірі – Қарлығаш Қазыбекова.
– Бұл жұмыспен қамту орталығы тәжірибесіз жастарға жұмысқа тұру үшін таптырмас мүмкіндік, жастар үшін үлкен қолдау сыйлап отыр. Мен жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына барған болатынмын. Ондағы мамандар аудандық білім бөліміне жастар тәжірибесімен жұмысқа жіберді. Жастар тәжірибесінің мерзімі аяқталғаннан кейін, білім бөліміне әдіскер етіп жұмысқа алып қалды, – дейді ол.
Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне аудан көлеміндегі 22 жұмыс берушілерден 80 бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Атап айтқанда: 2-логопед, 20-4-разрядты автомобиль жүргізушісі, механик, тракторист, есепші, кассир, кадр маманы, 3 автомобиль жүргізушісі, 3 электрик, аспазшы, аспазшы көмекшісі, ыдыс жуушы, еден жуушы, кассир т.б кәсіптер. Алпауыт елдердің бас ауруына айналып отырған жұмыссыздық дертінен арылудың жолы қандай? Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде ұсынылған бос жұмыс орындары жұмыссыздық деңгейін төмендетуге сеп болады деп сенеміз.
Шапағат Тілеубаев