Індеттің үшінші толқыны басталды
Дерттің үшінші толқыны басталды. Барлық аймақ «қызылға» енді. Бағдаршамның қызылындай тіршіліктегі қозғалысымызды тоқтатып тастамаса игі. Тіпті, жұқпалы ауруға шалдыққандардың өмірлік бағдаршамы да қызыл түсті көрсетіп жатыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген тәмсіл осы жолы халыққа әсер етпегендей ме, қалай? 2020 жылы басталған пандемия жер жаһанға өзінің үлкен келеңсіздігімен барлық салаға дағдарыс алып келді. «Сақтансаң, сақтайды» дейтін халық бұл қателікті қайталмауы керек-ті. Алайда, 2021 жылы эпид ахуал тұрақтанбады. Керсінше, үдеп барады. Мұнысымен қоймай, қаншама адам мезгілсіз дүниеден өтуде.
Қазақ қашаннан тоймен, түрлі басқосулармен, ағайын-туыспен жүздесіп, шүйіркелескенді жақсы көретін, алыс жамағайынмен де етене араласатын халық қой. Қанға сіңген осы бір әдетті жақынынан айырылса да қоймай келеді. Салдарынан індет ауыздықталмай, белсенділігі күшейіп, мутацияланған түрлері де пайда болып жатыр. Әсіресе, соңғы аты жаман –дельта штам симптомсыз белгілерімен аш қасқырдың бүтін бір отарды қырғанындай көрініс беруде. Өкініштісі сол, ковид ата-ананың көзімнің ағы мен қарасы деп жүрген балаларына жұқпайды деп жүргенде төтеннен келген дельта 1 жасқа толмаған сәбилерден де анықталып жатыр.
Қазаға жиналған қауымға тараңдар деу әбестік. Онсызда жан азадан соң көпшілік тарқайды. Ал, тойлатып жүрген ағайынның басына індет жақынынан айырып жатқаны неге тимейді? Шамалы уақыт сабырлық танытып, той-томалақтан бас тартсақ, әуелі өзіміз үшін жасалған жанашырлық болып есептелмейді ме? Тығылып той жасау арқылы бір-бірімізге жұқтыру процесін үдетіп, тарату ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Тіпті, өткен жылмен салыстырғаннан да көп. Мысалға, былтыр аймақта шілде айында 118 азамат тіркелген болса, биыл 220 көрсеткішке жетті. Облыста қазір 10741 жағдай тіркеліп отыр. Оның 59 проценті клиникалық болса, 41 проценті симптомсыз. Эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Сондықтан да үшінші толқын басталды деп дабыл қағуда мамандар.
Қазіргі таңда, 1 тамыздағы мәлімет бойынша 98 931 азамат індеттің құрығына ілініп отыр. Ал, вакцина алған халық саны 5 млн 370 661. Сондай-ақ күніне қайғылы жағдай орын алуда.
Ауданда да жағдай мәз емес. Соңғы дерек, 1 тамыздың мәліметіне сәйкес ауданда 10 жағдай есепке алынса, бір күнде еліміз бойынша 7 573 жағдай тіркелген. Салдарынан барлық өңір қызыл аймақта.
Инфекцияның таралу жылдамдығы мен той-томалақтың тоқтамауына байланысты ауданда жыл басынан бері 342 рет 25 мобилді топ мониторингтік бақылауға шыққан. Басты мақсаты – коронавирус инфекциясының одан ары таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Рейдке шығу барысында мобилді топ 870 нысанды аралап, 27 заң бұзушылықты анықтап, хаттама толтырған. Оның 6-ы кәсіпкерлік бағыты болса, 18-і жеке тұлғалардың өрескел қателіктері болып отыр. Осындай заң бұзушылықтардан бүгінде 2 800 320 теңге айыппұл өндірілді.
Мәселен, 31 тамыздағы рейдтік мобилді топ кент ішіне мониторнг жүргізу барысында жеке тұлғаның үйіне той үстінде түсті. Патрулді топ шақырылып, той тарқатылып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына ескертіліп, айыппұл жазылды. Мобильді топты аудан әкімнің орынбасары А.Есмаханов бастаған құрамда облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Мәди Бекмағанбетов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орынбасары Ж.Отарбаева, тілші А.Баянбай және кентішілік патруль қызметкерлері болды. Мобильді топ аудандағы тойханалар мен дәмханаларды, кент ішін аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ақбота БАЯНБАЙ