Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл жанашырлары марапатталды

Жыл жанашырлары марапатталды


Кеше аудан әкімідігінде А.Есмахановтың төрағалығымен «Жомарт жүрек» қайырымды жандарды марапаттау рәсімі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында биылғы жылы төртінші рет өткізіліп отырған қайырымдылық жобасының басты мақсаты – жанашыр жандарды, елге үлгі боларлық азаматтардың тәжірибесін үлгі ету. Осы орайда, Шиелі ауданының қайырымды жандары марапат төрінен көрінді.
– Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Дана халқымыз «Кең болсаң, кем болмайсың», «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» – деп, ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелесе, Абай атамыз өз қара сөзінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деп, өзіндік ойтолғамын жасады.
Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады. Расымен де, жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Осы орайда, нарықтың қатал заңына қарамастан, өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа тәрбиелейміз. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, өңірімізде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі.
«Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасы меценаттарды, бизнес өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді, белсенді азаматтардың тәжірибесін тарату, олардың мәртебесін көтеріп марапаттауды мақсат етеді, – деді А.Есмаханов.
Сонымен карантин уақытысында әлеуметтік жағдайы төмен 150 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, зейнеткерлерге үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп, қамқорлық танытып жүрген, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, кенттің бірнеше азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған, «Нұрсәулет» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Мәден Әлжанов «Жыл тұлғасы» номинациясымен, Талаптан ауылындағы спорт мектебіне 10 мың Ақш доллары тұратын кәсіби күрес кілемін сыйға тартқан, тұрмысы төмен мектеп оқушыларына үнемі қаржылай көмек көрсетіп жүрген, 5 жылдан бері күрішпен ауыл тұрғындарын қамтамасыз еткен, «Бала би-2004» өндірістік кооператив төрағасы Пернебай Күзембаев «Жыл меценаты» номинациясымен марапатталды. Ал, Иіркөл ауылының әлеуметтік- экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, ауылдың 60 азаматын тұрақты жұмыспен, 1 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қазіргі таңда, ауыл жастарының игілігіне арнайы спорт кешенін және сауда орны құрылысын бастаған «Алтын Дән – Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев «Туған өлке» номинациясымен марапатталса, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы марапатталды.
«Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушылары 2020 жылы 671 мың теңге, 2021 жылы 6 айында 416 мың теңгенің азық -түлігі және киімдерімен қамтамасыз етілген. Қасиетті Рамазан айында ауданымыздың кәсіпкері, «Қанағат» дүкенінің иесі Гаухар Сүйінтаева 70 000 тенге көлемінде, орталықтағы қызмет алушыларға қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, орталық директоры Қанат Ысмағұлов жеке қаражатынан қызмет алушыларға көмек көрсетсе, қызметкерлерінің ұйымдастыруымен үнемі қайырымдылық жасалып тұрады.
Мұнан бөлек, 2020 жылдың қазан айында Шиелі ауданы Тұран ауылдық округінің 6 отбасына 12 тонна көмір түсіріп, қараша айында Шиелі ауданы мектеп оқушыларына көмек ретінде 150 планшет берген, 2021 жылдың Наурыз мерекесіне орай әлеуметтік жағдайы төмен 70 отбасына, мамыр айында Ораза айт мерекесіне орай 23 отбасыға азық-түлік таратқан, 2021 жылы сәуір айында Тұран ауылдық округінің 2,5 км болатын ыза су арығын қазып, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Шиелі аудандық №3 облыстық балаларды оңалту орталығына 300 000 теңге, көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, жалғызбасты анаға 100 000 теңге қаржылай көмек берген «Гежуба – Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясымен марапатталды.
Сонымен қатар, республикалық «Жомарт жүрек» қайырымдылық сыйлығына белсене қатысқан Гүлдана Жақыпова, Жәмилә Әділбек, Айнұр Сейловаларды аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Гүлдан Жақыпованың басшылығымен Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жанынан зағип және көзі нашар көретін жандарға рухани қызмет көрсету үшін «Жанарсыз да жарық әлем» орталығы ашылды. Олардың арасында шығармашылық, өнер, спорттық сайыстар, жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында Гүлдана Көпболсынқызының басшылық етуімен кітапхана ұжымы жалғызбасты, тұрмысы төмен отбасыға үйдің кілтін табыс етті.
Ал, Жәмилә Әділбек кент және Ақмая ауылының азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған, 2011 жылдан бастап екі балабақшасында да көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасынан шыққан 30 балаға қамқорлық жасап, тегін қабылдап, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, тәрбие саласында өзіндік үлесін қосып жүрген «Аймира» жеке балабақшасының директоры. Айнұр Сейлова да жоғарыда аталған санаттағы отбасылардан шыққан 20 шәкіртті тегін оқытып, оқу барысында ай сайын әртүрлі заттай және ақшалай ынталандыру сыйлықтарын беріп, ауыл тұрғындарына қамқорлық танытып отырған №158 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Мұнымен қоса, «Happy English» ағылшын тілі пәнінен қосымша білім беру курсының жетекшісі, дара кәсіпкер.

Ақбота Баянбай
09 шілде 2021 ж. 599 0