Жүрегі жомарт жеңімпаздар
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында бірнеше ірі жобаларды іске асыруды тапсырған еді. Соның арқасында қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, 6 арнайы жоба, 6 кіші бағдарлама бойынша жүзеге асуда. Оның ішінде «Жомарт жүрек» республикалық байқауының орны ерекше. Аталған байқаудың негіз мақсаты – жүрегі жомарт, қолы мәрт адамдарды және туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жандарды көпшілікке үлгі ретінде көрсету. Бұл сайыс 2017 жылдан бері ұйымдастырылуда. Сол сәттен бері ағайынға болысып, әлсізге демеу, жылағанға тіреу болған азаматтар алғысқа бөленіп келеді. Биыл да осы дәстүр өз жалғасын тапты.
Бейсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінде өңір басшысы Әшім Оразбекұлы және қоғам жұмысына белсене араласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтардың қатысуымен салтанатты шара өтті. Шара барысында аудан әкімі:
– Халқымызда «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ» деген дана сөздер бар. Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Біз өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған жердің дамуына үлес қосып жүрген жандарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейміз, – деді. Содан кейін «Жомарт жүрек» номинациясының жеңімпаздарын марапаттады.
«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша үздіктерді анықтады. Оның әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен маңызы бар. Мәселен, «Жыл меценаты» номинациясы. Бұл ауданда ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін Махмұт Нәлібаевқа табысталды. Ал «Туған өлке» номинациясымен ұлттық өнім өндіруде көш бастап, денсаулық сақтау, білім беру салаларына демеушілік білдіруге бағытталған әлеуметтік жобаны жүзеге асырғаны үшін Сабыр Ермаханов марапатталды. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі қайырымдылық шарамен айналысқандықтан «Жыл тұлғасы» ретінде Тоғжан Мұсаева танылды. Сондай-ақ «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы «КНК Кемикал» ЖШС Қызылорда филиалының директоры Асан Рақышевке бұйырды. Ол бүгінге дейін қайырымдылық жобаларды және акцияларды тиімді жүзеге асырып, көмек берудің жаңа түрін енгізген. Бұдан бөлек қоғамдық маңызы бар шараларға демеушілік жасаған. Соңғы номинациясының иегері волонтерлік жұмысқа белсенді қатысқан. Сол себепті Назерке Сырлыбай «Ерен еріктілік» номинациясында жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсімінен соң жеңімпаздарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әбдірахман құттықтады. Ол сөз барысында:
– Сіздерді ардагерлер атынан құттықтаймын. Кәсіпкерлердің көпшілігі озық ойлы азаматтар. Біз сіздерге әрқашан тілекшіміз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сондай-ақ сөздің орайы келген соң, ұсынысымды да айта кеткім келеді. Қазір ауданда диқандар өз еңбегінің нәтижесін көріп отыр. Бірақ қауын, қарбыз, қызанақ секілді бақша өнімдерін өткізетін жерді табу қиын. Осыны кәсіпкерлер қолға алса екен, – деп өз ойын білдірді.
Сонымен қатар салтанатты шарада кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова мен Тоғжан Мұсаева жүрекжарды лебізін айтты. Аталған жиын аудан өнерпаздарының дәстүрлі әнімен жалғасты.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИ