Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жомарт жүрек жақсылыққа жетелейді

Жомарт жүрек жақсылыққа жетелейді

Ел арасында жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен, төккен терімен құрметке бөленіп жүрген жандар аз емес. Олардың ішінде құлағанға тіреу, жылағанға демеу болып, туған жерді түрлендіру үшін сан түрлі қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жүрген атымтай азаматтардың орны ерекше. Айналасына шуақ шашып, жақсылықтың жаршысы бола білген меценаттарға, кәсіпкерлер мен еріктілерге қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында бірнеше ірі жобаларды іске асыруды тапсырған еді. Соның арқасында қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, 6 арнайы жоба, 6 кіші бағдарлама бойынша жүзеге асуда. Оның ішінде «Жомарт жүрек» республикалық байқауының орны ерекше. Аталған байқаудың негізгі мақсаты – жүрегі жомарт, қолы мәрт адамдарды және туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жандарды көпшілікке үлгі ретінде көрсету. Бұл сайыс 2017 жылдан бері ұйымдастырылуда. Сол сәттен бері ағайынға болысып, әлсізге демеу, жылағанға тіреу болған азаматтар алғысқа бөленіп келеді. Биыл да осы дәстүр өз жалғасын тапты.
Сәрсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков және қоғам жұмысына белсене араласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтардың қатысуымен шара өтті. Шара барысында аудан әкімі:
– Дана халқымыз «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда – мұңдық жоқ», «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады» деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Осы орайда біз де нарықтың қатал заңына қарамастан, өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды дәріптеу арқылы жас­тарды елжандылыққа баулимыз. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, өңірімізде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі, – деді. Содан кейін «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша үздіктерді анықтады. Оның әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен маңызы бар. Мәселен, «Жыл меценаты» номинациясы. Бұл ауданда ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Мөлдір и К» фермасының директоры Насыр Мырзабековке табысталды. Ал «Туған өлке» номинациясымен Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып, мұқтаж жандарға демеушілік көрсеткені үшін «АГНЕР» ЖШС директоры Ринат Төренияз марапатталды. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі қайырымдылық шарамен айналысқандықтан «Жыл тұлғасы» ретінде «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аятжан Есжанов танылды. Сондай-ақ «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне бұйырды. Аудан әкімі марапатты аталған колледждің директоры Мейрамхан Дүйсеновке табыстады. Ал Нұрсұлтан Әбибуллаұлы жас болса да, ерен еріктілікпен айналысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясын қанжығасына байлады. Жиын барысында номинация иегерлері ғана емес, алғыс хат иелері де қошеметке бөленді. Нақтырақ айтсақ, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева мен «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорын ЖШС-нің газды дайындау және тасымалдау цехының тауар операторы, «Нұрислам» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Райсов ел игілігі жолында еңбек етіп, «Жомарт жүрек» байқауына белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң аудан әкімі «Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын арқалаған елдің тұрғынымыз. Біз ұлтымыздың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға күш салсақ қана жерұйықтай мемлекетке айналамыз. Туған топыраққа еңбегімен тағзым етер өздеріңіздей азаматтар көбейсін. Қайда жүрсеңіздер де, дендеріңіз сау, бауырларыңыз бүтін, мерейлеріңіз үстем болсын!» деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
15 тамыз 2020 ж. 1 389 0