Шиелі: стратегиялық жоспар нақты іске ұласқанда
Шиелі – сауатты бастамалар мен дәйекті стратегиялық жоспарлау нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсті. Ауданның барлық саласында ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыс атқарылуда. Соңғы жылдары құрылыс қарқыны да бір сәтке бәсеңдеген жоқ. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар кезең-кезеңімен оң шешімін тауып, біз «Өскен өңір» редакциясының тілшілері әр газеттің шығарылымында оқырман назарына айна-қатесіз жеткізіп келеміз.Сәрсенбі күні облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға арнайы іс-сапармен келді. Әуелі Бейгеқұм ауылдық округіне атбасын бұрып, тұрғындармен жүздесті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері де арнайы қатысты. Онда елді мекендердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Мұрат Нәлқожаұлы елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда жұртшылықтың, ел ағаларының ақыл-кеңесі мен ұсыныс-пікірлері маңызды екенін атап өтті. Кездесуге жиналған көпшілік қолға алынған бастамалардың, алдағы жоспарлардың жемісті болуына тілек білдірді.
Бұл ауылда 2330 тұрғын бар. «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» автожолының бойында орналасқандықтан тұрғындар сауда-саттыққа биім. Жолаушыларға түрлі ас-тағамын, балдай тәтті қымыз бен шұбатын ұсынып, қонақ-үй тұрғызып қызмет көрсетуде. Берекелі ауылдың тұсынан өткен көлік тізгіндеушілер әулиелер жатқан жерге зиярат етіп, құран бағыштап, тарихымен танысып өтеді. Ауылдық округтерде көшелерге асфальт төселген, аяқсумен қамтылған және жарықтандырылған. Тұрғындар мал ұстайды, кәсіпкерлікпен айналысады.
Кездесуден соң аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылындағы учаскелік полицияның жаңа пунктінің жұмысымен танысты. Нысанды демеушілік қаражат есебінен 22 млн теңгеге «Сәт-Сервис» серіктестігі салып, қыркүйек айында пайдалануға берілген.
Учаскелік полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің келесі аялдамасы Еңбекші ауылдық округі болды. Жұмыс барысында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, әлеуетімен танысты. Сондай-ақ «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігінің қаржыландыруы есебінен 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан 4,3 шақырым «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолының құрылысын көрді.
Бас мердігер «Орда АвтоДор» ЖШС қолға алған құрылысты авторлық қадағалауға «Димаш-Сервис», техникалық қадағалауға «Опора Строя» серіктестігі жауапты. Қайта жаңғыртудан өткен жол Еңбекші ауылы тұрғындарының көлік қатынасын жайлы етеді.
ЖОЛ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРУДА
Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. Алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Қазіргідей өркениетке ұмтылған кезеңде жолдың сапалы болуы әрбір тұрғын үшін аса маңызды. Көше асфальттанып, оның бойы жарықтандырылса, халыққа қолайлысы да сол. Сондықтан жыл сайын жолды жөндеуге мемлекеттік қаржыдан тиісті қаражат бөлініп, барлығы жоспар бойынша кезектілігімен іске асуда.
Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырым болса, оның 80 шақырымы республикалық, 100,5 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар санатында. Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 138,1 шақырымы (94,9 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз асфальтталған.
Биыл Қожа Ахмет Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 544,6 млн теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Шиелідегі жол жөндеу жұмысы барысымен танысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жолдың жақсаруы қоғамдық көліктің кедергісіз қатынауына, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтерінің уақытылы жетуіне, сондай-ақ бизнес нысандарының жұмыс тиімділігін арттыруына мол мүмкіндік беретінін айтып, құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Vigor Holding» компаниясының аудандағы қуаттылығы 20 МВт күн-электр станциясын іске қосу рәсімі өтті. Жиынға облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аталған компанияның және жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері арнайы қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын.
Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді.
Осының айқын көрінісі ретінде, отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз! Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады. Осы ретте, ұтымды әлеуетімізді және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Жаңа станцияның жұмысы табысты болсын!, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Ашылу салтанатында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның нәтижелі жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ризабек Кәрімұлы, «Vigor Holding» компаниясының бас директоры Айтуған Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы ақ батасын берді.
Айта кетейік, бүгінде өңірде жалпы қуаттылығы 151 мегаватт болатын 11 күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 мегаваттан асатын тағы 7 күн-электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 мегаваттық станциялар құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 15 мегаваттық, ал ауданда әрқайсысының қуаттылығы 60 мегаватт болатын екі күн-электр станциясының жобасы әзірленуде. «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 мегаваттық станциясының құрылысы алдағы айда басталады.
ЖАҢАРҒАН СПОРТ МЕКТЕБІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмасы аясында өңірлерде спорт инфрақұрылымы жаңғыра бастады.
Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев күрделі жөндеуден өткен №9 Шиелі аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне барды. Аудан намысын түрлі спорттық сайыстарда қорғап жүрген жас спортшылармен жүздесіп, жаңартылған нысанның аудан жастары үшін маңызын атап өтті.
– Спорт – денсаулықтың кепілі. Әр баланың балалық шағының жарқын өтуіне спорттың ықпалы зор. Білім мен тәрбие сапалы болуы үшін қазіргі заманға сай спорттық жағдайдың жасалуы маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамыту үшін кешенді жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шиелідегі қайта жаңғырған ғимарат ауданның спорт өмірін жаңа деңгейге көтеріп, жасөспірімдерге өз арманына қол жеткізер үлкен мүмкіндік, – деді аймақ басшысы.
Жалпы 249,9 млн теңге бөлінген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңартылып, спортшылар мен жаттықтырушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Қайта ашылған спорт мектебі – аудан балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың жаңа жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін маңызды орталық. Жаңа келбетке ие болған бұл нысан алдағы уақытта да аудан спортын дамытуға елеулі үлес қосарына сеніміміз мол.
М.Ибрагимов
суреттерді түсірген Б.Бәйімбет







