Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨТКЕНДІ САҚТАУ – ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ҚАДАМ

ӨТКЕНДІ САҚТАУ – ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ҚАДАМ

Өткен жексенбіде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат ­Тілеумбетов, ҚР Парламенті сенатының депутаты Руслан Рүстемов Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Сапар барысында ауданның тарихи-мәдени мұраларын сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және елді мекендердің әлеуметтікэкономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға басымдық берді.


Киелі мекенге құрмет

Аймақ басшысының жұмыс сапары ең алдымен қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесі нысанын аралаудан басталды. IX-X ғасырларда салынған тарихи ескерткіш – қазақ даласындағы көне сәулет өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі. Шиелі ауданының Жөлек ауылынан жеті шақырым қашықтықта орналасқан киелі орын бүгінде ел тарихы мен руханиятының маңызды орталығына айналған.

Оқшы ата қорымы – тек бір кесенеден ғана тұрмайтын үлкен тарихи-рухани кешен. Мұнда Асан Қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, Бала би және басқа да тарихи тұлғалардың мәңгілік мекені орналасқан. Сондықтан бұл жер халық арасында «жеті әулие жатқан киелі орын» ретінде кеңінен танылған. Кесене ғасырлар бойы бірнеше рет жаңғыртылып, ел қамқорлығына алынған. Соңғы жылдары мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Облыс әкімі тарихи нысанды аралау барысында кесене аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және туристерге арналған инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы киелі орындарды сақтау – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті. – Мұндай тарихи орындар ұлттың рухани тамырымен сабақтас. Біз қасиетті жерлерді сақтап қана қоймай, оны келер ұрпаққа насихаттауымыз керек, – деді облыс әкімі.

Егіннің жайы – ертеңнің қамы

Жұмыс сапары бұдан кейін Алғабас ауылындағы Асхат Ермаханов басшылық ететін «Жер – ­Жомарт Д»­­ шаруа қожалығының егістік алқабында жалғасты. 2013 жылы құрылған шаруашылық бүгінде ауданның аграрлық секторындағы іргелі құрылымдардың біріне айналған. Негізінен күріш және бау-бақша өнімдерін өсіруге бағытталған шаруашылықта биыл 1256 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 214 гектарға күріш, 175 гектарға бау-бақша өнімдері, 80 гектарға жоңышқа орналастырылған. Шаруашылықта 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Егістік алқабында диқандармен кездескен аймақ басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және өнім көлемін арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының тиімді пайдаланылуы қажеттігін айтты.

Тұрғындар мәселесі тыңдалды

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Шиелі кентіндегі «Руханият орталығы» ғимаратында өтті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді көркейту, жол, ауызсу, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар мәселелері кеңінен талқыланды. Аймақ басшысымен жүздесуде қаржы саласының ардагері Дайрабай Ысқақов, ауданның құрметті азаматы Әшім Оразбекұлы, облыстық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының директоры Дәулет Жұмбеков, ауданның құрметті азаматы Рақым Мауяев сөз алып, жаңа қызметтегі жұмысына сәттілік тіледі. Кездесу барысында Мұрат Ергешбаев елдің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда халықтың, ардагерлер мен ел ағаларының ақылкеңесі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен ынтымақ өңірдің тұрақты дамуының негізгі кепілі болып табылады. Жиынға қатысқан тұрғындар аудан көлемінде қолға алынған бастамаларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарлардың нәтижелі жүзеге асуына тілектестік танытты. Жұмыс сапарының қорытындысы ретінде облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалы ғимаратында болды. 836 миллион теңгеге жаңғыртылған нысан бүгінде заманауи талаптарға сай келетін сәулетті ғимараттардың біріне айналған. Ғасырдан астам тарихы бар вокзал арқылы тәулігіне 200-ге дейін жолаушы қатынайды. Жалпы аумағы 637 шаршы метрді құрайтын нысан ауданның көркіне көрік қосып отыр. Аймақ басшысы сапар соңында жауапты сала жетекшілеріне Шиелі кенті мен ауылдық елді мекендерді дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

19 мамыр 2026 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (9404).

19 мамыр 2026 ж.

№36 (9403).

16 мамыр 2026 ж.

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031