ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ
Қазан айының алғашқы күні елімізде халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке – қарттарға көрсетілер құрмет пен ілтипаттың белгісі ғана емес, әрбірімізге өткенімізді қастерлеуді, болашағымызға ой салуды үйрететін мәнді күн.Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген қасиет. Біз «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп қарттарымызды қазынаға балаған халықпыз. Салтына берік, аманатына адал, дәстүрін дәріптеген әрбіріміз дария көңіл, тау мүсін қарттарымызбен, ақ жаулықты аналарымызбен мақтанамыз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді.
Ұрпақтар сабақтастығы жарасыммен сақталса елдің беркесі де, мерекесі де таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Осынау тағылымға толы мерейлі мезетте Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Қарттарға құрмет – ұрпаққа үлгі» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты жиында аудандағы қарттарды құттықтау мақсатында, сахна төріне шыққан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков:
– Біз әуелден ақсақалын ардақтап, қариясын қадірлеуді, алдыңғы буынның ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімін үлгі етуді ұлттық дәстүрге айналдырған халықпыз. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген дана халқымыздың ұлағатты сөзі Сіздер сынды ел құрметіне бөленген абзал азаматтарға арналғаны анық. Әсіресе жас ұрпақты патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеуде сіздердің өнегелеріңіздің орны бөлек. Ел үшін атқарған еңбектеріңізге, ауданымыздағы барлық бастамаларға жасаған қолдауларыңызға алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, отбасыларыңыз бен замандастарыңыз арасында атап өтетін мереке күндер көп болсын. Егде тартқан жастарыңыз еңселеріңізді түсірмей, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болғай! Баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, ұзақ ғұмыр тілейміз!, – деп ізгі лебізін жолдады.
Сонан соң, халықаралық қарттар күніне орай болашақтың қалауын даярлап, еңбек көрігін қыздырып, өмір өткелдерін еселі еңбекпен өрнектеген ардагерлер қауымына арнайы номинациялар мен аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Атап айтар болсақ, Малибек Асанов «Батагөй қария», Серікбай Шоханов «Кемеңгер қария», Алпысбек Тәшімбетов «Қазыналы қария», Жақсылық Әлиев «Қажырлы қария», Тілеубек Бабасов «Ақылгөй қария», Кенжетай Палмағамбетов «Сабырлы қария», Рыскүл Зермұхамедова «Мейірімді әже», Әтіркүл Шорабаева «Қамқоршы әже», Қазима Дүрімбет «Бауырмал әже» номинациясымен марапат мінберінен көрінді.
Мерейлі күнде тағылымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қарттарды мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып, сый-сияпат көрсетілді. Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі салтанатты басқосудың мазмұнын әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы қарт көңілдерді серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
М.Қайратұлы







