Астана күні аталып өтті
Астана күні ел тарихындағы Ұлы жеңістің бірі. Биыл еңселі Елордамызға 23 жыл. Осындай айтулы күннің қарсаңында мерекелік шара М.Шоқай атындағы алаңда аталып өтті. Ең алдымен келген қонақтар Астана туралы бейнебаян көріп, Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауын тыңдап, әрмен қарай мәдениет үйі өнерпаздарының Астана күніне орай дайындаған өнерлерін тамашалады.
Орталық алаңда ғана емес, кент аспанында бұл күні – әуелеген ән мен күмбірлеген күй ойнап тұрды. Мерекені атап өтуге барлық аудандағы ерікті жастар ат салысты. Бас қаланың мерейтойы – барша қазақстандықтардың мерейтойына айналды. Осыдан кейін сөз кезегі «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздыққа берілді.
– Елордамыз жылдан-жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Бұл біздің әрқайсымыз үшін айрықша күн. Астана тарихы – Тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын беттерінің бірі және де бұл тарих біздің көз алдымызда қалыптасты. 24 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан еліміздің қуатты қарымын көрсеткен ауқымды жоба болып саналады. Қазақстанның жас астанасы ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы зор жетістігі және төл туындысы деп толық айтуға болады. Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын, барлығыңызға татулық, бірлік, жақсылық және Отанымыз Қазақстанның игілігі жолындағы игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, – деді Б.Мүбаракұлы. Сондай-ақ, өңірдегі жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген әр саладағы бір топ жастарға мерекеге орай алғыс хат табыстады. Бұдан бөлек, Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова мен «Өскен өңір» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлнәр Дүйсебай «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздықтың арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік салтанат соңы мәдениет үйінің көркемөнерпаздар концертімен жалғасты.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ