Аналар кеңесі – мейірім бастауы
Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Осы ретте «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалында «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» жобасы аясында аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға арнайы іс-сапармен облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық Аналар кеңесі хатшысы Светлана Крюгер, Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының облыстық төрайымы Манат Алмашева және БАҚ өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.
Аналар кеңесінің негізгі міндеттері – әлеуметтік мәселелердегі аналар рөлін анықтау, отбасы және неке институтын нығайту, ел ішіндегі ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды тарату жөнінде шараларды жүзеге асыру болды. Бүгінгі күні Аналар кеңесі мемлекет тағдырына тың серпін беріп қана қоймай, отбасылық өмір, оның дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдарын дәріптеп келеді.
Аналар кеңесінің негізгі міндеттері – әлеуметтік мәселелердегі аналар рөлін анықтау, отбасы және неке институтын нығайту, ел ішіндегі ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды тарату жөнінде шараларды жүзеге асыру болды. Бүгінгі күні Аналар кеңесі мемлекет тағдырына тың серпін беріп қана қоймай, отбасылық өмір, оның дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдарын дәріптеп келеді.
Жиынды Шиелі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Патима Маханбет ашып «Кез келген халықтың арқауы отбасы болып келеді. Халықтың салт-дәстүрлері отбасында сақталып, өркендейді және халықтан халыққа жеткізіледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ даналығы. Ұлы Даланың төскейін еркін жайлап өскен дана халқымыз отбасы институтының бала тәрбиесіндегі рөлін осы бір жалғыз ауыз сөзбен ғана дәл жеткізе білген. Расымен, отбасы – адам жанының тыныштығы мен жайлы мекені ғана емес, қоғамның да басты негізі. Ондағы жас шыбықтай өсіп келе жатқан ұл мен қыздың тәрбиесін назардан тыс қалдырмау керек» дей отырып кеңесті жүргізді.
– Әрбір отбасының қалыптасқан әдет-ғұрпы, ата дәстүрі болады. Өскелең жас ұрпақтың саналы, тәлімі мен тәрбиесі мол, әдепті қылып тәрбиелеуге күш жұмсауымыз керек, – дейді кездесуде сөз алған облыстық аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова.
Сондай-ақ, бұл кездесуде талқыға түскен мәселе жұмысшы топпен 22 ауылдық округтерді түгел аралап, аналар кеңесінің төрайымдарын сайлау ісі кезек күттірмейтіндігін алға тартты.
Бұл – біздің ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасқан дәстүрлі құндылықтарымыз. Осы сынды қаншама шаруалар атқарып жатқанын тілге тиек еткен Гүлдана Жақыпова аналар кеңесі – ұлағат мектебі болып тұрғанын жеткізді.
Кеңес мүшесінде Гүлзира Жаңабаева көпұлтты ұжым жұмысының өзіндік ерекшеліктерімен бөліссе, кеңес мүшесі қазақ отбасының өнегелі келіні Татьяна Нуштаева өзі жұмыс жасайтын жеке мектеп оқушыларының аналарымен тығыз байланыста екенін айтты. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан Қазақстан Іскер Әйелдері қауымдастығының Шиелі аудандық төрайымы Айткүл Әбдіқадырова өзі басқарып отырған Іскер Әйелдер кеңесінің аналар кеңесімен қоян-қолтық бірлесе жұмыс жасап жүргенін айта кетіп, кеңес жұмысына сәттілік тіледі.
Шапағат Тілеубаев