Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлерді ардақтайық

Ардагерлерді ардақтайық

Тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, биік мәртебе берілетін мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауын­герлер ерлігін үлгі ету мақсатында іс-шара өткізді. Аманат арқалап, қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ауған соғысының ардагерлерінен қоғамдық бірлестік құрылды.
Аталған бірлестікті «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық ашып: Сіздерді 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ту, Елтаңба, Әнұран – мемлекетіміздің айбыны мен тәуелсіздігіміздің айғағы. Бұл мереке барлық шиеліліктер үшін айтулы мереке, – деп сөзін тарқатты.
Бірлестіктің негізгі мақсаты облыс бойынша алғаш ашылып отырған «Тәжік – Ауған» шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектер және т.б әлеуметтік осал топ мүшелерімен бірлесіп жұмыс жасау. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен үнемі байланыс орнатып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу және «Тәжік – Ауған» шекарасындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан алғашқы қазақстандық ардагерлердің мәртебесін көтеру, насихаттау, тарихты келешек ұрпаққа жеткізу негізінде болды. Аталған бірлестіктің төрағалығына «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері Ғалымжан Балтабайұлы, орынбасарлыққа «За боевые заслуги» медалінің иегері Фархат Жұмабаев сайланып, жастарды отан алдындағы қасиетті борышын адал, абыройлы өтеуге шақырды.
Сонымен қатар, «Тәжік – Ауған» шекарасындағы әскери ұрыс қимылдарында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ержан Әбдиев ҚР-ның Президенті, Қару­лы Күштердің жоғарғы қолбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалымен, II-дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен Қайратбек Сәтбаев, Ғалымжан Байжанов, Асылбек Дәуренбеков мараппатталды. Басқа да ардагерлер сөз алып, отты жылдардағы естеліктерін айтты. Сондай-ақ өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуы­мен елге аман сау оралған, жас ұрпаққа үлгі болған ардагерлерге аудандық партия филиалының арнайы куәлігі табысталды.

Ақбота Баянбай
08 маусым 2021 ж. 736 0