Ұлттық рәміздер – мемлекеттің мызғымас тірегі
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас тірегі. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 28 жыл бұрын 4 маусым күні деп белгіленген еді. Сол сәттен бері аталған датаны қазақстандықтар айтулы мереке ретінде атап өтеді. Бірақ биыл коронавирус індетінің дендеуіне байланысты айтулы шара онлайн форматта болады. Бұл жөнінде аудандық баспасөз орталығында өткен брифингте ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова баяндады.
Брифинг барысында Ж.Баймұратова ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған біршама іс-шараға тоқталды. Оның ішінде биылғы жылдың ақпан айында өткен «Ер ел талғамайды» атты кездесу кешін ерекше атап өтті. Аталған кездесу кеші Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өткен. Шара аясында колледж жанынан құрылған «Жас Қыран» әскери-патриоттық клуб мүшелері әскери ойын түрлерінен өнер көрсетіп, көк байрақты желбіреткен. Бөлім басшысы баса назар аударып айтқан келесі шара 4 наурыз күні болған. Бұл жиынның негізгі мақсаты – жас өрендердің жұдырықтай жүрегіне патриоттық сезімді ұялату. «Көк байрағым желбіресін көгімде» атауымен өткен семинарда мемлекеттік тудың маңызы мен тағылымы түсіндірілген.
Ж.Баймұратова бұдан бөлек алдағы іс-шара жоспарымен де бөлісті. Қазіргі таңда аудандық ішкі саясат бөлімі мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуге арнайы іс-шара жоспарын бекітіп қойған. Сонымен қатар мереке қарсаңында мемлекеттік бюджеттен 50 шақты ту, 2 тұғыр, 20 елтаңба сатып алған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҚР мемлекеттік рәміздерін насихаттау бағытында берген тапсырмасына сәйкес, рәміздердің ұлт мақтанышы екенін түсіндіретін үгіт-насихат орталықтарын ашу үшін аудандық оқушылар үйінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздің әр тұрғыны рәміздердің қадір-қасиетін жіті білгені жөн. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің барлығы дерлік стандартқа сай орнатылуы қажет. Осыған байланысты Шиелі ауданында рәміздердің талапқа сай орналасқанын тексеріп, қолдану тәртібінің сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты жасалуда.
Біткен іс пен атқарылатын жұмысқа тоқталғаннан кейін Ж.Баймұратова рәміздер туралы өз ойын білдірді.
– Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз. Еліміздің бірлігін бейнелейді. Әрбір қазақстандықтар жүрегінің тұсына қолын қойып, елім, жерім деп әнұран шырқаса, қандай ғанибет десеңізші. Ту, Елтаңба, Әнұран – еліміздің ажырамас бөлігі. Жастарға әлі де үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тоқтатпайық, оларды отансүйгіштікке, патриотизмге, батылдыққа тәрбиелейік, – деді ол.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ