Көк байрағым желбірей бер көгімде
Өткен аптада №148 қазақ орта мектебінде облыстық педагогикалық шеберлік орталығы мен аудандық ішкі саясат және білім бөлімінің қолдауымен «Магниттік мектептер желісі: Сабақты зерттеу тәсілі оқу-тәрбие үдерісінің тиімділігіне ықпалы» тақырыбында республикалық практикалық семинар өтті. Семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, мектеп директоры О.Шорабаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Махан қатысты.
Шиелі аудандық білім бөлімінің «SMART» жетекші мектеп кәсіби қоғамдастығы ұйымдастырған шара оқыту мен тәрбиені жетілдіру және оның сапасын арттырудың тиімді жолдарын ұсынды. Семинар барысында 6 сынып жетекшісі М.Қызылбаева «Көк байрағым желбіресін көгімде» атты тәрбие сағатында оқушыларға мемлекеттік рәміздердің патриоттық тәрбие берудегі маңызы мен мәнін түсіндірді. Мемлекеттік рәміздер – әрбір ел азаматының жүрегінде өз Отаны, жері, туған халқы бар екеніне зор сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятатын нышандар. Рәміздер – елдіктің ең жоғарғы символы. Сондықтан оны өскелең ұрпақтың қастерлеп, қадір тұтуы маңызды. Семинар соңында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Рысқалиқызы ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 28 маусымдағы №454 қаулысы туралы шараға қатысушыларға кеңінен түсіндірді. Одан әрі оқушылар патриоттық ән айтып, кешті қорытындылады.
Г.ӘБДІХАНИ