Ел рәміздері – еркіндік нышаны

Осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 4 маусымында мемлекеттік рәміздер қабылданды. Содан бері еліміз үшін тарихи күн саналып, алтын әріппен санамызда жазылып, рухымызды күшейттіп келеді. Бұл күн Көк байрақтың, Елтаңбаның, Әнұранның туған күні. Сондай-ақ, өзгеге елдігімізді танытатын, тәуелсіз мемлекет екенімізді білдіретін бірден бір даралықтың белгісі. Тұғырым – Көк байрақ, Әнұран – мол қайрат, Елтаңбам – жұртқа айбат дейтұғын қасиетті ұғымдар әрбір азаматтың бойында сақталып, санасында жатталып тұруға тиіс.
Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, ұлттық намыс пен отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Ел Рәміздері – еркіндік нышаны» атты іс-шараның шымылдығы Әнұранмен түрілді.
Қасиетті рәміздер қашанда қастерлі деген аудан әкімі Қ.Мүбараков халықты мерекемен құттықтап, мейрамның ел жүрегінен ерекше орын алғанын атап өтті.
– Құрметті шиеліліктер, бүгін біз елдігіміздің басты нышаны саналатын мемлекеттік рәміздер күнін атап өтудеміз. Бұл тәуелсіз еліміз үшін атаулы күндердің бірі саналады. Ұлттық рәміздер кез келген мемлекеттің мызғымас белгілерінің бірі. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеуі қажет. Өйткені, бұл тек елдігіміздің белгісі ғана емес, халқымыздың тәуелсіздік туралы арманының орындалу белгісі. Сондықтан, біз үшін айтулы мерекенің маңызы зор, – деді Қамбарбек Мүбараков.
Одан соң мерекені тамашалауға келген шиеліліктерге ұлттық рәміздер туралы тың ақпараттар айтылып, жас мемлекеттік қызметкерлердің ант қабылдауымен жалғасын тапты. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы Е.Әбдешов, Телікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы К.Мұсаев, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Д.Мұхамедәлі, Т.Абраманов сынды бірқатар азаматтар мемлекеттік қызметкер болудың жауапкершілігі мол екенін тілге тиек ете отырып, адал қызмет етуге ант берді.
Бұдан кейін сөз алған құттықтаушылар рәміздерді қастерлеу, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсыру – бүгінгі әрбір азаматтың басты парызы, отанға деген шынайы құрметтің көрсеткіші екендігін айта өтті. Одан әрі «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Шапағат Тілеубай