Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 28 жыл бұрын, 4 маусым күні бекітілген болатын. Содан бері аталған датаны барша қазақстандықтар айтулы мереке ретінде атап өтіп келеді.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік Ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды. Олар Ту авторы – Шәкен Ниязбеков болса, Елтаңба авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұран авторлары ретінде әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Кейін, яғни, 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­ өңдеді. 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Н.Назарбаевтың осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені, рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасының рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізді. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ


02 маусым 2020 ж. 4 322 0