Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рәміздер күніне арналған шара

Рәміздер күніне арналған шара

Елбасы Н.Назарбаев «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қадір тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген болатын. Иә, рәміздер – тәуелсіздіктің нышаны, алтын күмбезі. Осыған орай Шиеліде рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, ұлттық намыс пен отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Рәміздер – Тәуелсіздік тұғыры» атты іс-шараның шымылдығы Әнұранмен түрілді. Одан әрі ұлттық рәміздер туралы тың ақпараттар айтылып, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауымен жалғасын тапты. Бидайкөл ауылының әкімі Жомарт Ақбергенов, Алмалы ауылдық округі әкімінің коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әскери есепке алу және жастар ісі жөнінде бас маманы Шарапат Төлебай, Шиелі ауданының полиция бөлімінің жас қызметкерлері Мейіржан Бақытұлы мен Нұрдәулет Ержанов сынды бірқатар азаматтар мемлекеттік қызметші болудың жауапкершілігі мол екенін тілге тиек ете отырып, адал қызмет етуге ант берді.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының тапсырысы негізінде «Ашық азаматтық қоғам ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған рәміздер күніне арналған кештің, шерудің ойдағыдай өтуіне аудандық полиция бөлімі техникалық қолдау көрсетті. Сондай-ақ игі шараның мазмұнын айшықтап, патриоттық көңіл-күй сыйлаған әндердің орны бір бөлек болды. Шара соңы рәміздер автошеруімен жалғасты. Айта кетейік, шеру рәміздер алаңынан бастау алып, Қ.Яссауи көшесі бойымен М.Шоқай орталық алаңына дейін жалғасты. Автошеруге ауданның үздік оқушылары мен спортшылары, жас­тар қатысты.
Иә, мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасы тым тереңде жатқаны ақиқат. Сондықтан елін, жерін, Отанын сүйген әрбір патриот азамат рәміздерге зор құрметпен қарауы, айрықша ықылас танытуы тиіс.

Фариза КЕНЖЕШОВА
06 маусым 2020 ж. 750 0