Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туым – теңдігім, елтаңбам – елдігім, әнұраным – айбыным

Туым – теңдігім, елтаңбам – елдігім, әнұраным – айбыным



«Елге оралып келе жатқанымда «Қорғас» бекетінде желбіреп тұрған көк Туымызды алғаш рет көрдім. Шағын ғана шатырлы үй болатын. Соның төбесінде тұрған Туымыз желмен лапылдап, өз тілінде дыбыс шығарып тұрған сияқты көрінді», – деп еске алады ақын Алмас Ахметбекұлы.
Иә, бұл шырқалғанда тұла бойыңыздағы алпыс екі тамырды шымырлатып, жүрек түкпірінде «қазақ» болып туылғаныңызға мақтаныш сезімін ұялататын «Көк тудың желбірегені» өлеңінің дүниеге келу тарихы. Атамекенге деген ыстық сағыныштан туған. Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда алғашқылардың бірі болып, елге оралған қандасымыздың еліміздің көк Туын алғаш көргендегі толғанысы, тебіренісі еді. Ерекше көріністен ақынның көңілі алабұртып, шабыты оянады. «Көк тудың желбірегені, Бақыттың елжірегені. Қиырда қалған қазақтың, Көзінің мөлдіргені...», – деген жолдар сол жерде
туады. Осылайша, өзге шумақтары жазылып, 2000 жылы композитор Ермұрат Зейіпхан осы өлеңге арнап, ән шығарады. Ән әнші Ибрагим Ескендірдің орындауында күллі Алаштың жүрегінен жол таба білді.
Сонымен, әңгіме арқауы өздеріңіз біліп отырғандай мемлекеттік рәміздер жайында болмақ. Біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі – мемлекеттік рәміздер. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұрғандай. Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – Алаш баласының баға жетпес байлығы. Осынау құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастырып, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу – бас­ты мақсат. Мақсат дейміз-ау, парыз десек болғандай.
Осы тұрғыдағы жұмыстардың тасқыны
аудан көлемінде де толастаған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде аудандық мәдениет үйінде өткен «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің нышаны» атты мәдени іс-шараны атауға болады. Салтанатты жиынға аудан әкімі, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара өтетін зал тақырыпқа сай безен­ді­ріліп, шара басталғанша патриоттық тақырып­тағы әндер көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ал, мерекелік жиынның шымылдығы үлкен LED экран арқылы берілген пролог есебіндегі бейнероликпен түрілді. Мұнан әрі ортаға Мемлекеттік Елтаңба, Ту әкелініп, Әнұран басталған сәттен жиылған жұрт қолдарын жүрек тұсына қойып, елдік пен ерлік ұранын бірге шырқады.
Сөйтіп, шара аудан әкімі Ә.Оразбекұлының құттықтау сөзімен жалғасты.
– Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үміті, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі – болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан, рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін
басты міндет болып табылады. Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осы ізгі сезімді адамдардың жандүниесіне сіңіріп, ақыл-ойын дарытуға қызмет етеді. Мемлекеттік рәміздер күнімен баршаңызды құттықтай отырып, әрдайым ел іші бейбіт те берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деп тілеймін! Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі арта берсін! Еліміздегі тыныштығымыз бен бірлігіміз бекем болсын! – деп өзінің ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнан соң, бірқатар сала мамандары марапатталып, құрмет көрсетілді. Ал, шараның мазмұнын айшықтап, патриоттық көңіл-күй сыйлаған әндердің орны бөлек. Атамекен, Отан, туған жер тақырыптарындағы сазды әуендер сезімдердің қылын шертіп, шараға қатысушыларды өзгеше күйдің иірімдеріне жетелегені сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: – «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» – деген болатын. Расында, ақиқаты осы.
Осынау мереке қарсаңында «Сыр ұланы» тынығу лагерінде де «Мемлекеттік Рәміздер –мақтанышым» тақырыбында асфальтта сурет салудан байқау ұйымдас­тырылып, жеңімпаздар марапатталды. Шара барысында әндер шырқалып, өлең жолдары оқылды.
Сонымен қатар, осы мазмұндағы шара Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде көрініс тапты. Аталмыш шараны колледж директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов ашып беріп, білім алушыларға рәміздердің шығу тарихы жайлы, мемлекеттік мекемелерде орналасу тәртібі жөнінде айтып өтті. Жиының соңы білім алушылардың концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетті.

Дина ЖҮСІПОВА.
Суреттерді түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
04 маусым 2018 ж. 2 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031