Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңсесі биік егемен елміз

Еңсесі биік егемен елміз

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Осы орайда, 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні мерекесі қарсаңында №148 қазақ орта мектебі жанынан ұйымдастырылған «Жасұлан» лагерінде «Біз егеменді елміз» атты мерекелік шара өтті. Оған 2 топ тамақпен, 4 топ тамақсыз, жалпы 6 топ қатысты.
«Біз тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Өскелең ұрпақты сол қасиетті рәміздерді құрметтеуге, патриоттық сезімін оятып, елін, жерін сүюге шақыру аталмыш шараның басты мақсаты болатын. Мерекелік іс-шара балалардың оң алақанын жүрек тұсына қойып, әнұранды айтуымен басталып, одан әрі мектеп директоры О.Шорабаева мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Байділдаеваның жүрек жарды лебізімен жалғасты. Шара барысында оқушыларды осыдан 26 жыл бұрын егемендігіміздің белгісі ретінде бекітілген рәміздердің авторымен таныстырдық. Ортасында шұғылалы күн және қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көк Туымыз – суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы. Ал, көгілдір түс аясында шаңырақ түрінде өрнектеліп, қос қапталында пырақтар қанат жайған Елтаңба – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлихановтың еңбегі. Мәтінін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған «Менің Қазақстаным» әні де тәуелсіздік нышандарының бірі. Одан әрі ұлттық нақышта өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқалды.

Аида ЖҰМАДІЛДАҚЫЗЫ,
Тұрсынай БАЗАРБЕКҚЫЗЫ,
№148 қазақ орта мектебінің мұғалімдері.
06 маусым 2018 ж. 3 253 0