Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік рәміздерге құрмет

Мемлекеттік рәміздерге құрмет

Сейсенбі күні аудан әкімдігінде Мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген сөзін қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтайды. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз. Әрине, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу үшін алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуға тиісті. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов жүргізген жиналыста кеңінен тарқатты.
Жиынға аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану жөніндегі аудандық комиссия мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дербес бөлім мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кезекті мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия отырысының күн тәртібінде 3 түрлі мәселе талқыланды. Өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеуін қалыптастыру, олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай ­бая­н­дама жасады.
«Мемлекеттік рәміздердің шоқтығын көтеріп, оған деген құрметті арттыру мақсатында биылғы жылдың 10 айында 142 аудандық, 6 облыстық, 4 республикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар көкпар, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бокс сынды спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, әрбір жеңісті сәттерде әнұранымыз айтылып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Ұлттық рәміздер қазақ спортшыларының рухын көтеріп, жеңіске деген ынтаны арттыра түседі», – деді ол.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов спортшылардың Әнұранның сөзін жатқа білуін басты назарда ұстауын тапсырды. Одан әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін зерделеу, насихаттау және дұрыс қолдану мәселелеріне байланысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бағлан Абдрахман хабарлама жасады.
Жиналыс барысында рәміздердің дұрыс орналасуы, мемлекеттік мекемелердегі көк тудың таза, бүтін болуын басты назарға алған аудан әкімінің орынбасары арнайы мамандарға міндеттер жүктеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық Заңының орындалуы мен мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолдану жұмыстары туралы Майлытоғай ауылдық округінің әкімі Қойшыбай Асанов, Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ноғайбаев және Ақтоған ауылдық округінің жетекші маманы Қанағат Қалекеев кеңінен талқылады. Айта кетейік, елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латын графикасына көшіп, мемлекеттік мекемелердегі мөр, паспорт жазулары латынға ауысатын болады. Елтаңбадағы мемлекеттің атауы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңына енгізілген өзгертулер бойынша 1 қарашадан бастап күшіне енді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

30 қараша 2019 ж. 1 115 0