Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талаптандық түлектердің талабы зор

Талаптандық түлектердің талабы зор


Биылғы жылы Шиелі ауданында 827 жас түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Түлектердің қоштасу салтанаты жылдағыдан ерекше өтті. Себебі, білімге ұмтылып жатқан жастардң саны көп. Атап айтар болсақ, 57 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 59 шәкірт «Үздік атестат» алуға ниетті. Бізде соңғы қоңыраудың сылдырын естімек болып, Бала би ауылындағы соңғы қоңырау салтанатты кешіне табан тіредік. Мұнда білімділердің көшін бастап тұрған 6 «Алтын белгі», 3 «үздік атестатқа» ынталы түлектер бар.
Бұл күн түлектер үшін айтулы күн. Барлық білім ұяларында бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатты кеші өтті. Салтанатты шараға білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Нұрманова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, ауыл әкімі Амангелді Өмірәлі, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтмағанбет Жұманазаров, мектептегі ата-ананалар үйінің төрайымы Дариха Мұсабаева және ардагер ұстаздар қатысты.
Оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар мектеп ауласына сап түзеген тұста 43 түлек сынып жетекшілерімен бірге қаз-қатар тізіліп, ортадан табылды. Қазақстанның Көк байрағы желбіреп, мемлекеттік Әнұран орындалды.
– Бүгін тағы бір оқу жылы аяқталды. Көз алдымызда тұрған түлектер үлкен өмір жолына аттанғалы тұр. Сіздер балалық шақтарыңыз өткен алтын ұямен қош айтысып, жарқын болашаққа қадам басасыздар. Бұл күн – түлектер есінде қалатын, жүректеріне жылылық пен болашаққа деген қызығушылық сезімдерін қатар ұялататын ерекше күн. Мектеп қабырғасында өткен жарқын кездерді ұмытпаңыздар. Себебі, болашаққа бағыт беріп, қажетті білім мен дағдыларды бойларыңызға сіңірген осы кездер екенін уақыт өте келе түсінесіздер, – деді ауыл әкімі Амангелді Өмірәлі.
Сондай-ақ, салтанатты шарада олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен түлектердің ұстаздары облыстың білім басқармасының, кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мектеп бітірушілердің ата-аналары мектеп басшылығына ризашылығын білдіріп, ағалар салған ізді одан әрі жаңғыртқан ұжымға толайым табыс тіледі. Көңілді кеш түлектердің «Мектеппен қоштасу» әнімен түйінделді.
– Осы оқу жылында 782 шәкірт білім алды. Соның 43-і – мектеп бітіруші түлектер. Қадірлі түлектер, сіздер ұстаздар, ата-аналар дарытқан үлгі өнегені, адами қасиеттерді ақтайды деп сенемін. Өмірде өз жолдарыңызды та­уып, білімді, білікті, жанашырлыққа құштар маман иелері болуларыңызға тілектеспіз. Сапарларыңыз сәтті, жолдарыңыз ақ болсын! – деді аталған мектеп директоры Халықбек Әлтай.
Салтанатты шара соңында түлектер дәстүр бойынша вальс билеп, соңғы рет қоңырау соқты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мереке ата-аналар мен оқушылардың көңілінен шықты.

Шапағат Тілеубаев
29 мамыр 2021 ж. 854 0