Көрсеткіш көңіл көншітеді
Биыл 4 айдың өзінде көптеген көрсеткіштер бойынша аудандар арасында Шиелі көш бастап тұр. қандай көрсеткіштер екенін білгіңіз келсе, айта кетейік.
Экономика дегенде ойымызға алдымен өнім өндіруші өнеркәсіп саласы келетіні сөзсіз. Бұл салада өндірілген әрбір өнімнің аудан экономикасын ілгерлетуге маңызы зор. Бұлай айтуымыздың себебі, әлемдік держава Қытай Халық Республикасының жалпы табысының 46,6 процентін дәл осы өндіруші өнеркәсіп саласы құрайды екен. Онда соңғы 50 жылда 370 мыңнан астам зауыттар мен фабрикалар соғылған. Тарихқа үңілсек, инвестиция тарту үшін олар 4 ірі экономикалық аймақ құрып, инвесторларға арзан жұмыс күшін ұсынған. Осы арқылы инвесторлар көптеп келіп, Қытай аз уақытта атынан ат үркитін мемлекетке айналды. Қазір біз айтып жүрген «қолайлы экономикалық аймақ құру» жоспарын, олар әлдеқашан іске асырып қойған екен. Алып державадай болмасақ та, еліміз нық қадаммен осы бағытқа қарай жылжып келеді. Мәселен, ауданда былтырғы жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 39 млрд 378 млн теңгенің өнімі өндірілген екен. Ал енді, биылғы жылдың 4 айындағы көрсеткіштерге зер салсақ, ондағы сандар тіптен басқа. Себебі, жыл басынан бері ауданымызда 18 млрд 367 млн теңгенің өнімі шығарылған. Демек, бар болғаны 4 айдың ішінде былтырғы көрсеткіштің 53 проценті орындалып, жоспарланған өнім көлемі 142,8 процентке артығымен өндірілген.
Өндіруші өнеркәсіп саласын айтпай-ақ, өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштерді сөйлетсек те ауыз толтырып айтатын жетістіктер баршылық. Ауданда бұл сала бойынша жыл басынан бері 9 млрд 217 млн теңгенің өнімі өңделіп, меже өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 есеге артық орындалған. Бірақ, әлем елдеріндегі көрсеткіштерге зер салсақ, көңіл қынжылтатын сандарға тап боламыз. Себебі, аталған сала бойынша өңделетін өнімнің 70 проценті 4 қана мемлекетке, яғни Оңтістік Корея, Жапония, АҚШ пен Қытайға тиесілі екен. Біздің еліміз ондыққа да кірмейді. Бір қарағанда Корея мен Жапонияның бізден асып бара жатқан түгі жоқ секілді. Дегенмен, өндірісті дұрыс жолға қою арқылы бұл мемлекеттер осындай табысқа жетіп отыр. Ал, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездесетін біздің еліміз үшін алдыңғы ондыққа кіру алдағы 50 жылға қойылған мақсат болу керек деп есептейміз.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласының да экономиканы әртараптандыру мен дамытуда маңызы ерекше. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар ұсынылып, сәтті жобаларға тегін грант та бөлінуде. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша 10 мың 852 кәсіпкер тіркелген болса, соның 765-і біздің Шиелі ауданының азаматтары. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданда 62 азамат несие алып, 120 адам грант ұтып алған. Бұл тізімде Бәйтерек ауылдық-округі мен кент кәсіпкерлерінің үлесі басым. Мәселен, Бәйтеректен 14, кенттен 102 азамат мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсіп ашып, жұмысын кеңейткен. Пандемияның салдарынан болған құлдырауға қарамастан сауда-саттық, яғни бөлшек сауданың көрсеткіштері де жоспарға сай орындалуда. Биылғы жылдың 4 айында, яғни қаңтар мен сәуір айларында ауданда 2 млрд 479 млн теңге көлемінде сауда айналымы жасалып, көрсеткіштер 106 процентке артығымен орындалған. Ал, облыстағы көрсеткіш 100 процентті құрап отыр.
Тұрғын үйдің жайына келер болсақ, облыс бойынша қаңтар-сәуір айларында 155 мың 557 шаршы метр аумаққа тұрғын үй соғу жоспарланған. Оның ішінде Шиеліге 15 мың 615 шаршы метр аумақ тиесілі. Алғашқы 4 айда құрлыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізілгендігінің арқасында, жоспарланған көрсеткіш 103,5 процентке орындалған. Тұрғын үй құрылысымен қатар ауданда жол салу, газ тарту секілді жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Бұл жұмыстар бойынша Шиелі – аудандар арасында көш басында тұр. Дәл осы салада жыл басынан бері Қызылорда облысында орындалған құрылыс жұмыстарының 14 проценті біздің ауданымыздың еншісінде.
Өнеркәсіп пен саудадан бөлек, біз үшін ауыл шаруашылығы саласының өзіндік орны бар, маңызы ерекше. Кеңес Одағы тұсында ауданда ауыспалы егістік бойынша жыл сайын 15 мың гектар аумаққа егістік егілетін болған. Кейінен бұл көрсеткіштер төмендеп кетті. Ал, соңғы жылдары көрсеткіштер өсіп, Кеңес Одағында жеткен жетістікті басып озатын деңгейге жеттік. Бірақ, аяқ судың тапшылығының себебінен белгіленген аумаққа ғана егін егуге мәжбүр болып отырмыз. Егер осы мәселе шешілсе, әлі қаншама гектар аумаққа егін егіліп, өнім түрлері артар еді.
Егінге су тапшылығы қолбайлау болғанымен, мал шаруашылығын дамытуға кедергі жоқ. Бұл сала бойынша қаңтар-сәуір айлары арылығында 3 млрд 73 млн теңгенің өнімі өндірілген. Жеке кәсіпкерлердің арқасында ет өндіру 3,3 процентке, сүт өнімдерін шығару 3,5 проценке, жұмыртқа өнімдері 65 процентке өскен. Өнім өндірумен қатар, мал басы санын көбейту де біз үшін маңызды. Себебі, агроөнеркәсіп кешенін дамытып, мұнайға тәуелділіктен арылу еліміздің алға қойған жоспарларының негізгісі. Бұл сала бойынша 2021 жылдың 1 мамырында жарияланған есепте ауданда 65 мың 597 ірі қара, 36 мың 807 сиыр, 82 мың 246 бас қой, 21 мыңнан астам ешкі, 19 мың 780 жылқы, 1609 түйе мен 30 мың 953 құс тіркелгені айтылған. Осы бетімізден танбасақ, Шиелі бірнеше жылдың ішінде шаруашылықтың түрлі бағыттарын жолға қоя білген ауданға айналары сөзсіз.
Жалпы алғанда аудан экономикасы барлық бағыттарда көш ілгері тұрғанын байқадық. Былтыр карантин кезінің өзінде ауданға 13 млрд теңге инвестиция тартылған.Биыл өткен жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 585 процентке өскен. 2021 жылдың әлі 7 айы барын ескерсек, бұл көрсеткіштер еселеп өсетіні сөзсіз. Бастысы осы алған бағыттан танбай, ел болып бірге еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана ауданның әлеуеті артып, еліміздің өркендеу жолында өз үлесімізді қосамыз.
Рамазан Бектұрғанұлы