"БАЙҚОҢЫР" КЕШЕНІНДЕ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ
Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын таныстырды. Жоспар 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады.
Аталмыш стратегиялық құжат аясында "Байқоңыр" кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары ұсынылды.
«Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру Байқоңыр қаласының сондай-ақ жалпы өңірдің экономикасын өсірудің локомотиві болмақ, онда көп салалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, "Байқоңыр" АЭА құру жол-көлік инфрақұрылымын, ғарыш өнеркәсібі мен туризмін дамытуды қамтиды.
Сонымен қатар, облыстың кешенді даму жоспарында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар қарастырылған. "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау бойынша 6 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.
Нәтижесінде, келесі 2 жылда жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20% құрайды деп күтілуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 14,4% құрады.
Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
#Сырелі
#ҚызылордаОблысы
#Қызылорда