Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОБЛЫС ДАМУЫНЫҢ 2022 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫНА ЕНГІЗІЛДІ

СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОБЛЫС ДАМУЫНЫҢ 2022 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫНА ЕНГІЗІЛДІ



Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын таныстырды. Жоспар 12 бағыттан және 119 іс-шаралар пунктінен тұрады.
Су шаруашылығы, атап айтқанда Солтүстік Арал жобасын іске асыру, "Күміскеткен", "Қараөзек" су қоймаларын салу, Көкарал бөгетін нығайту және Қызылорда су торабын қайта жаңғырту мәселелері өңірді дамытудың Кешенді жоспарына енгізілді.
Аймақ басшысы Қызылорда су торабы істен шыққан жағдайда 110 мың гектар суару жерлері мен 250 мың гектар жайылым жерлері және де облыстың 3 ауданы аймағындағы шабындықтарын сумен жабдықтауы бұзылып, Қызылорда қаласы мен 400 мыңнан аса адамдар тұратын 35 елдімекенді су басатынын атап өтті.
"Экология және табиғатты пайдалану бөлігінде 15 іс-шара жоспарлануда. Осы жобаларды жүзеге асыра отырып, мәселен 2014 жылдан бастап су торабы арқылы өтетін автокөлік қозғалысы тоқтатылған Қызылорда су торабының апаттық мәселесі шешілетін болады. Ал Көкарал бөгетін нығайтпасақ су көлемі 27,4 млрд. текше метрді құрайтын Кіші теңізден бір мезетте айырылып қаламыз»,-деді өңір басшысы.
Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
Қызылорда облыс әкімдігінің фейзбук парақшасы
28 мамыр 2019 ж. 1 217 0