Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз есімі ұлықталуы тиіс

Ұстаз есімі ұлықталуы тиіс

Ұстаз атты ұлы есімді иеленген жандардың ұрпақ тәрбиесіндегі еселі еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Тұлғалық даму, даралану жолында кездескен мұғалімдердің ұлықты ісі – қашан да өнеге болып қала бермек. «Ұлтымызда өркен жайған әдебиет пен мәдениеттің түп тамырын қалыптастыруда тағы да ұстаз алдында бас ию мақсат, һәм міндет» деген Тұңғыш Президенттің сөзі ойымызды қуаттай түсері хақ.

Саналы ғұмырын сапалы білім беруге сарп еткен Әбілда ­Ахметовты білмейтін жан кемде-кем. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, №148 қазақ орта мектебін ең ұзақ басқарған іскер басшы, ССРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің үздігі, аудандық, облыстық білім бөлімі, Білім министрлігінің грамоталарын иеленіп, үнемі абырой биігінен түспеген ұстаз еді.
Адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі – қарапайымдылық. Ұстаздық жолды таңдаған адамға керек қасиет те осы. Қарапайымдылықты, турашылдықты бойына бала жасынан сіңіре білген ағамыздың өмір жолы да өте қарапайым. Қарапайым болса да, мәнді де мағыналы. Көп жылғы ұстаздық еңбегі мен басшылық қызметін, өз перзентін қадірлей білетін елі елеусіз қалдырмайды деп сенеміз. Жоғарыда атап өткеніміздей «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атанған ағамыздың өмір бойы алған наградалары мен басқа да марапаттаулары бір адамның басына жетерлік. Әрине, өмірдің өлшемі алған наградаларымен өлшенбесе керек. Әбілда Ахметовтың артында қалдырған ізі бар. Бүгінде қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген шәкірттері – оның өмірінің жалғасы. Атап айтар болсақ, А.Сматов, С.Есболғанов, С.Елеусізов, Т.Жұмабаев, Б.Әбжаппаров сынды сан түрлі сала мамандары екінші әкесіне айналған ұстазы Ә.Ахметовты ерекше мақтанышпен еске алады.
Әр адамның ғұмыры – замана тарихының бір бөлшегі, өзі өмір сүрген дәуірдің перзенті. Перзент қашанда өзі өсіп-өнген ортадан рухани нәр алып, өсіп-өркендей бермек, басында балаң, балғын болса, кейін миуасын жаяр мәуелі бәйтерекке айналмақ. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бастап, небәрі 26 жасында мектеп директоры атанған Әбілда Ахметов үшін бұл кезең ғұмырының нағыз тал түсі еді. Тәртіп пен талапқа қатал болғанымен жетім көрсе жебеп, жақсылық жасаудан таңбайтын болмыс-бітімін көзін көргендер жиі айтады. «Ә.Ахметов ағамыз 1964-1989 жылдар арасында 25 жыл №148 Гигант орта мектебінде ұстаздық етті. 14 жыл осы мектепке басшылық жасады. Бар ғұмырын аталған мектептің қабырғасында өткізген ағамыз, сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Еңбек ардагері» де атанды. Осынша құрметке бөленген Ә.Ахметов ағамыздың өнегелі өмірі өшпей, №148 Гигант орта мектебіне есімі берілсе еңбектің ескерілгені емес пе?» дейді, «Еңбек ардагері» Б.Әбжаппаров. Дәл осы пікірді ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ә.Алдабергенов, ардагер ұстаз Қ.Тұрсынова, «Құрметті ұстаз» Ә.Бәкіров та қуаттап, 10 жылдан бері басшылыққа ұсыныс-пікірін білдіріп келеді.
Педагог – шәкірт жанының бағбаны, өз ісінің ұстасы. Оның еңбегі шөлге құдық қазғанмен тең деп жатады. Адамның жасы қанша жыл өмір сүруімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, парасат-пайымымен, жан дүниесінің жарқылымен, табиғат берген қуат-жігерімен таразыланса керек. Ал, біз сөз еткен ұлағатты ұстаз Әбілда Ахметовтың еңбегі таразы басын басып түсері сөзсіз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

13 сәуір 2021 ж. 594 0