Шұғыладан Ә.Шорабаевқа көше берілді
Ел ішінде атымтай жомарт жан ретінде танылған Әбдіманап Шорабаев тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. Көзі тірісінде көмек сұраған адамның қолын қайтармай, жетім мен жесірге барынша қолдау тынытып, иманды істердің ұйытқысы бола білген арда азамат өмірден өтсе де, жасаған ізгі амалдары ел-жұрттың санасында сақталмақ. Енді, міне оның атына көше беріліп, есімі тақтайшада таңбаланып тұр. Өткен аптада аудан әкімі Қ.Мүбараковтың қатысуымен Шиелі кенті, Шұғыла мөлтек ауданынан Әбдіманап Шорабаев атындағы көше ашылды.
Ауданымызда кәсіпкерлік саласын дамытуда өз үлесін қосып, мешіт салып, қаншама кісіні Мекке-Мәдинеге қажылыққа сапарға жіберіп, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созған, «Атымтай жомарт» азаматтың атына берілген көшенің тұсау кесер шарасында карантин ережелерінің барлық талаптар сақталды. Оған аудан әкімі Қ.Мүбараков пен Әбдіманап Шорабаевтың ет жақындары, достары мен ақсақалдар қатысты. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Қамбарбек Амангелдіұлы ағамыздың отбасына, әулетіне тек жақсылық тілеп, оның аудан үшін жасаған жақсылықтарына алғысын білдірді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері Дайрабай Ысқақов пен Әбдіманап Дүйсенұлының әпкесі Әтіркүл Шорабаева көшенің ашылуына атсалысқан аудан басшылығына алғыс білдірді. Ал айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп арнау айтты.
Әбдіманап Дүйсенұлы 1961 жылы Ташкент облысының Сырдария ауданына қарасты Бақыт бекетінде дүниеге келген. Ол 1979 жылы еңбек жолын аудандық тамақтандыру мекемесінде жұмысшы, орталық колхоз базарында салық жинаушы қызметін атқарудан бастаған. Сауда саласының бай тәжірибесін жасынан бойына жинақтай білген Әбдіманап Дүйсенұлы еңбек жолын көтерме сауда мекемесінде дайындаушы болумен жалғастырады. Ол 1981 жылы Шымкент кооперативтік техникумына оқуға түсіп, оны сауда саласы мамандығы бойынша бітіріп шығып, бұған қоса Қызылорда «Болашақ» университетінің экономика факультетін 2001 жылы аяқтады. Әбдіманап Дүйсенұлы көпшілік арасында ұстамды, ақыл-кеңесті білгенінше айтып отыратын зиялы қауымның өкілі. Еркін еліміздің жаңа экономикалық талаптарына сай базар құрылысын қолға алып, ауданымыздың орталық базарын республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы ірі сауда орындарының біріне айналдыра білді. Оның құрметіне қандай сый жасалса да жарасады.

Р.Бектұрғанұлы