ШИЕЛІДЕ БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ
Сәрсенбі күні, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Әбдіманап Шорабаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Оған аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков пен Әбдіманап Шорабаевтың әпкесі Әтіркүл Шорабаева келіп сөз сөйледі. Үш күнге созылатын турнирге Республиканың түкпір-түкпірінен 200-ден аса спортшы келіп, қатысуда. Бұл турнир бұған дейін дәстүрлі түрде облыстық дейгейде 4 рет, республикалық деңгейде 5 рет өткізіліп келді. Жарыс жыл өткен сайын құлашын кеңге жайып, облыстың барлық аудандарынан, еліміздің әр аймағынан спортшылардың асыға күткен дүбірлі додасына айналуда. Ал, жарыс күнінің алғашқы жекпе-жегіне келер болсақ, бұл кездесуде қызыл бұрыштан шыққан Мейірхан Оразалы есімді жас боксшы айқын жеңіске жетті. Ол турнирге Ақтөбе облысынан ат терлетіп келген екен. Ал, екінші кездесуде Батыс Қазақстан мен Түркістандық жас боксшылар қолғап түйістіріп, Батыс Қазақстандық спортшы басым түсті. Ал, «Шиелі спорт мектебінің» намысын алғаш болып Руслан атты боксшы қорғап, Батыс Қазақстандық боксшыға лайықты қарсылық танытты. Осылайша, жарыстың алғашқы күні қызықты да, тартысты жекпе-жектерге толы болды.
Ал, жарыс 3 күнге созылып, жеңімпаздар 10 сәуірде марапатталатын болады.
Рамазан Бектұрғанұлы