Боксшылар жеңіспен оралды
Тарихымызды түгендей бастағанда аты аңызға айналған Жалаңтөс Баһадүр бабамыз алдымыздан атойлап шығатындай көрінетіні бар. Шындығында да солай. Ол осыдан 440 жыл бұрын дүниеге келсе де, содан бергі уақытты осы бір ірі тұлғаның есімінсіз елестете алмаймыз.
Қызылорда қаласында 29 қазан мен 5 қараша аралығында Жалаңтөс Баһадүр бабамызды еске алуға арналған 2005-2006 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында XII республикалық турнир ұйымдастырылды. Турнирге Батыс Қазақстан облысы, Түркістан, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан оннан аса командалар қатысты. Осымен он екінші рет өткізіліп отырған турнирдің ауқымы жылдан-жылға ұлғайған. Оған дәлел турнирге 150-ге жуық былғары қолғап шеберлерінің қатысуы. Үлкен дайындықпен келген боксшылар шаршы алаңда өздерінің шеберліктерін сынады. Әр облыстың кіл мықтылары жиналған жарыс өте тартысты өтті. Спортшылардың дайындықтары да өте жоғары. Аталған жарысқа ауданымыздың №10 Бала би спорт мектебінің оқушылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, аталған спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дарын Кенжебекұлы І орынды жеңіп, алтыннан алқа тақты. Нұрдаулет Нұрділдаев ІІ орынды, Жанболат Жарылқап және Әділет Айдарәлиев ІІІ орынды місе тұтты. Осы тұста бокстан жаттықтырушылар М.Мұсаев және Б.Мамановтың еңбегін айтып өткен жөн болар. Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, жеңістері еселеніп келген боксшыларымыздың жеңістері құтты болсын.
«Өскен өңір» ақпарат.