БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП ШЕБЕРЛЕРІ
Өткен жылы барлық салалардың жұмыстарында ілгерілеу болғаны анық. Соның бірі – спорт. Жастарымыз жеңістің төрінен көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жатты. Сондай бір жақсы жаңалықты өткен жылдың соңында Ы.Жақаев ауылының былғары қолғап шеберлері алып келді.
Облысымызға қарасты Тереңөзек ауданы, Шаған ауылының құрметті азаматы, КСРО спорт шебері Асылбек Матиковты еске алуға арналған бокстан 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнирде Дамир Ерғалиұлы мен Дана Аян ІІ орын иегері атанды. Бұл спортшылардың алғашқы жеңісі емес. Бұдан бірер ай бұрын Дамир Ерғалиұлы Талдықорған қаласынан жүлдемен оралған еді. №9 Шиелі спорт мектебінің жаттықтырушысы, яғни, жастарға бокс өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген Рахымжан Мекебаев: «Жас спортшылардың спортқа деген сүйіспеншілігі көңілді толтырады. Жеңіске деген жігерлерінің арқасында табысқа қол жеткізуде. Болашақтарынан зор үміт күтемін, әрі биік белесті бағындыратынына сенімдімін», – дейді.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.