Діни бірлестіктермен бірлесіп жұмыс істеу керек
Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты білмейтін қазақ кем де кем болар. Әбіш ақсақал бір сөзінде «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң –қасіретің» деген екен. Иә, кемеңгер жазушы бұл сөзі арқылы адамдардың дін ұстанудан бұрын зор жауапкершілікті мойнына алғанын сезініп, Құдайға берген сертіне адал, сеніміне сенімді болу керектігін меңзесе керек. Кеше аудан әкімдігінде діни бірлестіктермен байланыстар жөнінде кеңес отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында күн тәртібінде тұрған төрт мәселе көтеріліп, сала мамандары баяндама оқыды.
Кеңес отырысында соңғы уақытта қоғамда жиі талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырып жүрген «Жәрімбет ата» қайырымдылық қоры жайлы да аз-кем сөз болды. Қызылорда қаласындағы «Қожа Ахмет Яссауи» қайырымдылық мекемесі, өңірімізде «Жәрімбет ата» қайырымдылық қорын тіркеп, «Жәрімбет ата» қайырымдылық мекемесінің бұйрығы негізінде әрекет етуде. Аудан орталығында орналасқан сауда орындарында, жанармай бекеттерінде, «Пансионат ашамыз, бала оқытамыз» деген мақсатта екенін айтып арнайы жәшіктер орналастырған. Қайта құрылымдау жұмыстары барысында ғимараттың яғни бұрынғы тойхана залының шамамен 1.5 метр тереңдікте төменге қарай қазылғанын байқап, қайта құрылымдау жұмыстарының заңдылығын тексеру мақсатында ауданы әкімінің орынбасары тарапынан, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына ұсыныс хат жолданған.
Қайырымдылық демекші, жиында кент орталығындағы қайырымдылық жәшіктерінің мәселесі де май шаммен қаралды. Қазір кенттегі кез келген дүкенге кірсеңіз атаулары бөлек болғанымен мақсаттары бір қайырымдылық жәшіктерін көресіз. Тіпті, бір сауда орталығынан осындай бірнеше жәшікті байқауға болады. Соның салдарынан ұшы-қиыры жоқ, жиналған қаражатты кімнің қалтасына түсіп жатқаны белгісіз жәшіктер көбейген. Осы ретте кеңеске қатысушылар бұлай халықты алаңдатпай қайыр-садақаны бір жерге жинауды ұсынды.
Осыған сәйкес, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов баяндама жасап, онда бөлім тарапынан, тиісті құзырлы мекемелермен бірлесіп, аудан бойынша күмәнді қайырымдылық жәшіктер қойылған кәсіпкерлік нысандарға түсіндірме жұмыстары жүріп жатқаны айтылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерден күмәнді қайырымдылық ұйымдары жәшіктерін қою жөнінде өтініш білдірген жағдайда бөлімге хабарласып ескерту керектігі айтылды.
Елдос Жүсіп