Шиеліге 420 вакцина жеткізілді
Шиелі ауданында коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті түрде вакцина салу науқанының алғашқы кезеңі басталды. Вакцина алдымен медицина қызметкерлеріне салынады. Алғаш болып вакцинаны ауданның бас дәрігері Нұрлан Әмір, оның орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, Шиелі аудандық санитарлық-эпидиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Айтекеева қабылдады. Жалпы 5 наурыз күні аталған вакцинаны 20 дәрігер қабылдаған.
Қазіргі таңда ауданда 420 вакцина жеткізілген. Тағы 6979 екпе әкелу жоспарланған. Аталмыш вакцина «Тегін медициналық көмек» кепілдігі аясында азаматтарға тегін салынады. Екпе жұмыстары үшін аудандық ауруханадан 2 кабинет, «Көкшоқы» ауылдық емханасында 1 кабинет ұйымдастырылған. Сонымен қатар вакцинаны сақтауға арналған мұздатқыштар да қарастырылып отыр. Бір қуантарлығы вакцинаны алғаш болып ауданның бас дәрігері мен оның орынбасары және де аудандық санитарлық-эпидиологиялық бақылау басқармасының басшысының салдырғандығында болып отыр. Себебі бұл арқылы азаматтардың медицина қызметкерлеріне, екпеге деген сенімі артады. Айтпақшы, ақпан айында өткізілген брифингте Нұрлан Әмір мен Гүлзада Айтекеева өздерінің алғаш болып екпе қабылдауға ниетті екендіктерін айтқан болатын. Расымен де олар уәдесінде тұрып, 5 наурыз күні вакцина қабылдады. Ал Шиелі ауданы, облыс бойынша алғаш екпе егуді бастаған аудандардың қатарына кіріп отыр. Екпе алу барсында дәрігерлер сақтық шараларына да тоқталды. Олардың айтуынша вакцина қабылдаған адам 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Одан соң 3 күн бойы учаскелік дәрігердің қаралуына баруы керек. Екпе қабылдағаннан кейін де бетпердені шешуге болмайды. Себебі вирусқа қарсы иммунитет 40-45 күннен кейін ғана қалыптасады. Аудандық бас дәрігердің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваның айтуынша, қалған 400 доза 9 наурыздан бастап күніге 20-30 дозадан егілетін болады. Ал мұғалімдерге екпе егуге келер болсақ, ауданда әзірге тек ерікті түрде медицина қызметкерлеріне вакцина егу жоспарланып отырған көрінеді. Мұғалімдерге тиісінше екінші кезеңнен бастап екпе егіледі. Айта кетейік, 4 наурыздан бастап Қызылорда қаласында мұғалімдерге «Спутник V» вакцинасы егіле бастады. Бұл жұмыстар вакцина салдырудың II кезеңіне байланысты жүргізілуде.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ