Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 300-ДЕН АСТАМ АДАМ ВАКЦИНА САЛДЫРҒАН

300-ДЕН АСТАМ АДАМ ВАКЦИНА САЛДЫРҒАН

Шиелі ауданында COVID – 19 жұқпасына қарсы вакцина салу әлі басталған жоқ. Бұл туралы Шиелі аудан аралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмірұлы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айтекеева хабарлады.
Нұрлан Әмірұлының айтуынша екпе ең алдымен ерікті түрде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде жалпы аурулар ауруханасының, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің мамандары екпе салдыратын болады. Екпе алдымен қала халқына салынып, кейіннен аудандарға жеткізіледі. Қазіргі уақытта облыс бойынша 70-тен астам адам вакцина салдырған. Ауданымызға жеткізілген жағдайда оны сақтауға арнайы тоңазытқыштар жасақталып отыр. Аталған тоңазытқыш вакцинаны шамамен -26 градус температурада сақтауға мүмкіндік береді.
1-ші кезеңде ауданымыз бойын­­­ша жалпы 7399 адам егіледі деп жоспарланып отыр. «Тегін медициналық көмек» кепілдігі аясында вакцина азаматтарға тегін салынады. Екпе екі дозадан адамның иығына егіледі. Алдымен 0,5 мл бірінші доза салынып, арада 19-23 күн өткенде тағы 0,5 мл салынады. Екпе салардан бұрын дәрігер дене қызуы мен қан қысымыңызды тексеруі тиіс. Вакцинаны қабылдағаннан кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін. Сондықтан салдырған азамат 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан соң 3 күн бойы учаскелік дәрігердің қаралуына баруы тиіс. Тілшінің «Covid-19 індетінен айыққан адам екпе алмай ақ қойса бола ма?» деген сауалына. Нұрлан Әмірұлы «вирустан айыққан адам да екпе алуы керек. Себебі сіздің ағзаңызда вирусқа қарсы иммунитет қалыптаспаған болуы мүмкін. Екпе салдырғанның өзінде иммунитет 40-45 күнде қалыптасады» – деді. Ал Гүлзада Айтекееваның айтуынша вакцина салдырудан азаматтар қорықпауы керек. Себебі бұл вакцинаның біз кішкентаймыздан бері ­салдырып келе жатқан тұмауға, туберкулезға қарсы вакциналардан ешбір айырмашылығы жоқ. Екпе қабылдау арқылы коронавирустың 20-дан астам түрінен сақтануға мүмкіндік туады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
06 ақпан 2021 ж. 434 0