Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымды істер марафоны бастау алды

Қайырымды істер марафоны бастау алды


Көктемнің алғашқы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен қайырымды істер марафоны жалпыұлттық жобасының облыстық деңгейдегі ашылу салтанаты өтті. Аталған жоба елдегі ахуалға байланысты ZOOM платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
«Жерде жетім жыласа, көкте періште көзіне жас алады». Осындай ұстанымды берік ұстанған ата-бабаларымыз әзелден жесірін жабырқатпауға, жетімін жылатпауға тырысқан. Бұл күндері де қайырымды істің басынан табылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген жомарт жандар жетерлік. Бастау алған «Қайырымды істер» жалпыұлттық марафоны да осындай игілікті істердің аясында дүниеге келді. Сондай-ақ, мемлекет пен бизнестің, еріктілердің әрі азаматтардың ынтымақтастығы мен серіктестігінің қолдауын білдіреді. «Қайырымды істер марафоны» жомарттық мен жақсылықтың идеясы негізіндегі қоғамды құруға ұмтылады. Аталған марафонды ашу барысында облыс әкімі Г.Наушақызы «Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама әл-Фараби бабамыз да «Қайырымды қала» еңбегінде дұрыс сенім, таным, білім, денсаулық, табиғи ортаның тазалығы, қоғамдық ортадағы қайырымдылық, адамдардың бір-біріне деген адамгершілігі, жауаптылық мемлекетті көркейтудің белгілері деп көрсеткен. Жалпы, 2020 жылы облыс бойынша бюджеттен тыс қаражат көздерінен халықтың әлжуаз топтарына 1 млрд 634 млн теңгеге қайырымдылық көмектер жасалды» деп тілге тиек етті.
Тәуелсіздіктің 30 жылында сан түрлі белестен өткен қазақ елі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» арқылы еңсесін тіктеп алға қарай ұмтылып келеді. Сындарлы шақта шыңдалып, карантин кезінде аймақтық «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы жекелеген санттағы 30 мыңға жуық адамға 50 мың теңгеден жалпы көлемі 1 млрд 478 млн теңге болатын бір реттік көмек берілді. «Біз Біргеміз» қайырымдылық акциясы шеңберінде 12 мыңнан астам отбасыға 134 млн теңгеге азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар жиынтығы түрінде көмек көрсетілді. Желтоқсан айында аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Шын ниетпен» қайырымдылық акциясы аясында 2430 адамға 27 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмектер жасалғанын жеткізген облыс басшысы әлі де бірлесіп атқарар жұмыстың көптігін айтты.
Пандемия кезінде «Syr Volonterlary» орталығы азаматтық қоғам институттары, жастар ұйымдары және меценаттармен бірлесіп облыста 521 қайырымдылық шара өтіп, 19 669 адамға көмек көрсетілгенін де айта кетейік. Қайырымдылық марафонының ашылу салтанатында сөз алған «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» Акционерлік қоғамы төрағасының міндетін атқарушы Б.Көшербаев Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын күтіп ұстауға 22,0 млн теңге, Жаңақорған ауданындағы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған «Балғын» санаториялық балабақшасын күтіп ұстауға 22,0 млн теңге, «Мектепке жол акциясын» ұйымдастыру 800 мың теңге қаржы қаралғанын жеткізді.
Ал Шиелі ауданынан мәслихат депутаты, «Ару-Ана» сүт өңдейтін кәсіпорын директоры Б.Дүйсенбек «аудандағы 30 әлеуметтік жағдайы төмен отбасын азық-түлікпен және кәсіпорында өндіріліп жатқан өнімдермен қамтып, «Халықаралық балалар күні» мерекесінде 1000 балаға тегін балмұздақ таратып, «Мектепке жол» акциясы аясында 30 баланы тиісті оқу құрал жабдығымен қамтамасыз ету жоспарда бар» деді. Одан әрі аудандардағы мәслихат депутаттары мен меценаттар сөз алып, жалғасын табар қайырымды істердің легімен бөлісті.
Марафонның ашылу салтанатын Г.Наушақызы «Ұлы Дала төсін дүбірлеткен бабалардың асыл мұратын іске асырып, ел-жұрттың еңсесін тіктеп қана қоймай, еңкейгенге қолын созатын, жығылғанға жәрдем беретін, дархандылықтың жарқын үлгісін көрсеткен тұлғаларды қалыптастырды. Баршаңызды жалпыұлттық жобаның Сыр елінде жүзеге асуына қолдау білдіріп, ел игілігін бірге арттыруға шақырамын!» деп қорытындылады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 наурыз 2021 ж. 535 0