Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылы жолдың ауылы алыс емес

Ақылы жолдың ауылы алыс емес

Иә, күре жолдан табыс табу әдісі өркениетті елдерде әлде қашан қолданысқа енгенін біз жақсы білеміз. Заман талабына сәйкес, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде елімізде ақылы автомобиль жолдары енгізіле бастады. Бұл бастама бойынша Қазақстанда ең алғаш «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесі қолданысқа берілді. Аталған учаскеде 2013 жылы «гибридті» ақылы жүйе іске қосылған. Яғни, ақылы жолдан қалаға кіретін жерде арнайы шлагбаумдары бар төлем қабылдау бекеттері орнатылған және көлік жүргізушілері осы шлагбаумдардың алдында төлем жүргізеді. Жүйе іске қосылған сәттен бастап ақылы учаске өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етіп келеді. Бас қаладан бастау алған бастама біздің аймақты да айналып өтпейтін болды. Арман мәдениет үйінде өткен қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камалитдиннің сөзінен біз соны байқадық. Бұйырса үстімізден өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі де ақылы жолдар қатарына енуі бек мүмкін.
Сала мамандарының айтуынша бұл жаңашылдық арқылы күре жолды күтіп-ұстауға қажетті қаражат мемлекеттік бюджеттен емес, жүріп өткен көліктердің төлемақысынан алынып, бюджеттік қаражат халық үшін маңызды әлеуметтік бағыттарға жұмсалмақ екен. Меймандар, аталған жобаның елімізде оң нәтиже беріп, ақылы жолдардың да қатары көбейіп жатқандығын тілге тиек етті.
– Мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат қажет болмағандықтан және тәжірибенің оңтайлы нәтижелеріне сүйене отырып, 2019 жылы республикалық маңызы бар 3 учаскеге де ақылы жүйе енгізілді. Бұл «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы –Қорғас» тасжолдары. Бұл жолдарда да «гибридті» жүйе енгізілген. Қазіргі таңда төрт ақылы учаске де өзін-өзі қаржыландыруда. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйені енгізудің артықшылықтарына сүйене отырып, 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның аясында 4 жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауысады, – деді Б.Камалитдин.
Егер жаңа жоба іске асқан жағдайда Қызылорда – Шымкент аралығындағы жаңа жол учаскелері Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы, Бәйдібек, Жаңақорған, Шиелі аудандарымен өтпек.
Біздегі авто трасса бірінші санаттағы жол болғандықтан өңірдегі барлық көлік бір жылға 1000 теңге жол ақысын төлеу керек болады. Қазірдің өзінде облыс бойынша 3 бақылау бекеті орналасқан. Осылайша ақылы жолдың тиімділігі мен экономикаға келтірер пайдасын зерделеп, жиналған халыққа түсіндірген сала мамандарының сөзінен кейін отырыс өзінің тікелей міндетіне көшіп, залда сұрақ-жауапқа кезек беріліп, қоғамдық талқылауға түсіп, халықтың қазанында қайнады. Жиналыста елді толғандырған түйткілді мәселелер, сұрақ пен ұсыныс-тілектің барлығы хаттамаға түсіп, министрлікке жолданатын болды.
Сонымен, алғашқы сұрақты аудандық мәслихат депутаты Б.Сыздық қойды. «Жолдың ақылы болуы заңдылық шығар. Дейтұрғанмен, өздеріңіз білесіздер қазір базардағы нарық сыныққа сылтау іздеп отыр. Сәл нәрсе болса баға қымбаттап шыға келеді. Егер жол ақылы болып жатса базар бағасы еріксіз тағы өседі. Айналып келгенде тағы да сол халықтың қалтасы қағылады. Енді осындай жағдай орын алмас үшін алдын-ала қандай шаралар қолдануда? Сосын, төлемді аудандағы барлық көлік жасау керек пе?» деген сауалдарын жолдаған еді. «Ауданда тіркелген көліктер өзге аудан не болмаса қалаға шыққан жағдайда ақы төлейтін болады, ал ауыл арасына төлем ақы төленбейді» деген жауап алды. Ал қоғам белсендісі кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет: «Бір жаңалықты ашу үшін, алдымен оны тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сіздер жолды ақылы етпекшісіздер. Мақұл делік. Дегенмен, осыған бизнес жоспар жасалды ма? Жылына бұл жерге қанша қаржы құйылмақ? Оның егесі кім? Бұдан бөлек, жол жөндеу жұмысы осы күнге дейін көлік салығымен реттеліп келген. Ал мемлекетке көлік салығына менің білуімше орасан қаржы түседі. Енді сол көлік салығынан түскен қаражат жетпеген осы жолға сіздердің жинап жатқан тиын-тебендеріңіз жолдың жыртығын жамайды дегенге өз басым сене алмаймын» – деді. Кезекті ұсыныс «Шиелі аналар» қоғамдық қорының негізін қалаушы Г.Сағындықова жасады. Ол: «Менің ойымша авто жолды ақылы ету қазіргі қоғам үшін өте тиімсіз. Өйткені бүгінгі елдің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы жақсы емес. Бала-шағасына нан тауып бере алмай отырған қаншама көпбалалы аналар бар. Енді оларға, «жүрген жолыңа ақы төле» деп қалай айта аласыз? Сондықтан бұл ойларыңызбен жеке басым еш келісе алмаймын» – деді. Аталған ұсынысқа орай арнайы уәкіл: ««ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері және соған теңестірілгендерге, көп балалы аналарға белгілі бір жеңілдіктер көрсету жайлы ұсыныс бердік. Онымен қоса, сіздердің де ұсыныстарыңызға міндетті түрде құлақ асатын боламыз. Сосын, бір жылға 1000 теңге дегеніміз тек көлігі барлар үшін аса қалтаға ауыр тимейді. Біз есептеп көрдік 1000 теңгені жылға шаққанда 2,7 теңгеден келеді екен» – деп, жауап берді. Ал аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Т.Бабасов: «Біз астымыздағы мініп жүрген көлігімізге жыл сайын салық төлейміз. Мәселен, менің көлігімнің бір жылғы салығы 300 мың теңге. Егер жол ақылы болса, біз көлікке не үшін салық төлеуіміз керек?» – деп сұрақ қойды. «Бұл жерде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Көлік салығының ақылы жолға қатысы жоқ. Біздің салықпен шатыстыруға болмайды» – деп, жауап берді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкері. Ал Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі Г.Маматов: «Жолақы төлемақы бекеттері әр аудан шекарасында ма, әлде, облыс аралық шекараларда тұра ма?»
Сондай-ақ, тұрғындарды ауыр жүк көлігіне төленетін жолақысы да қатты алаңдатты. Өйткені жеңіл көлік пен жүк көлігінің төлейтін жол ақылары екі бөлек. Әлі нақтыланбаған жоспар бойынша жүк тасмалдаушы көліктер тиеген затының салмағына сәйкес жол ақылары да көбейе түспек көрінеді. Кеңесте тағы бір көтерілген мәселе, ақылы жол жұмысын бастағаннан кейін қоғамдық көлік, азық-түлік бағалары өсіп кетпей ме? Жалпы, жол сапасы стандартқа сай ма? Елді мекендердегі шаруашылық көліктері мен мемлекеттік көліктерінің төлем ақылары қалай болмақ деген сауалдар қойылып, қызу талқыға түсті. Жиын соңында қоғамдық талқылауға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, дін өкілдері мен жалпы тұрғындар бұл жобаның іске асуына түбегейлі қарсы екендерін айтып, бірауыздан жолдың бұрынғыша тегін болғаны дұрыс деді. Ал қарсы тарап, бұл отырыстың мақсаты халықтың ой-пікірін білу екенін айтып, алдағы уақытта халықтың ұсыныс-пікірін ескеріп, нақты шешім шығарып, қайта кездесетіндерін жеткізді.

Елдос ЖҮСІП
16 ақпан 2021 ж. 327 0