Ақылы жолдар саны артады

Биыл да елімізде ақылы жолдардың саны артуда. Шымкенттен Ташкентке апарар жол сынақтық режимде осы жүйеге қосылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Инвестициялық байқаудың қорытындысы бойынша үш компания атап айтар болсақ, «Computer Vision Technologies» ЖШС (Қазақстан), «Теміржол Жөндеу» ЖШС (Қазақстан), FEЕTC Ltd (Тайвань) құрамындағы Консорциуммен келісімге қол қойған. Олар ұзындығы 11 мың шақырым болатын жолда ақы жинау жүйесін қосу және қызмет көрсетумен айналысады. Сонымен қатар 2020 жылы 5,8 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізілген. Тарқатып айтар болсақ, «Ақтөбе – Орынбор», «Орал – Саратов», Орал – Самара», «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан», «Тараз – Қайнар», «Қостанай – Троицк», «Павлодар – Омбы», «Қапшағай – Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Павлодар – Семей», «Орал – Ақтөбе», «Ақтөбе – Қарабұтақ» сынды жолдар ақылы жүйеге ауысты. 2023 жылға дейін қалған 5 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарда бар.
М.БОЛАТҚЫЗЫ