Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылы автожолдардағы төлем қабылдау пункттерінен жылдам өтудің амалдары

Ақылы автожолдардағы төлем қабылдау пункттерінен жылдам өтудің амалдары


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы автожол учаскелеріндегі төлем қабылдау пункттерінен жылдам өтудің бірқатар жолын атады.

Қазақстандағы ең алғашқы ақылы автожол осыдан 6 жыл бұрын ашылған. Биыл олардың саны 4 учаскеге дейін жетті. Барлық ақылы учаскеде төлем қабылдаудың заманауи пункттері орнатылған. Аталмыш пункттерден жылдам және қауіпсіздік талаптарына сәйкес өту үшін бірнеше қағиданы ұстану қажет.



«Біріншіден, өзіңізге қажетті жолақты таңдаңыз. Жолақтардың жоғарғы жағында орналасқан жол белгілері мен цифрлық таблоларға назар аударыңыз. Жүк көліктері үшін арнайы жолақтар бар. Ал алдын ала төлемі немесе абонементі бар автокөліктерге арналған жолақ жасыл түске боялған», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК-да.

Ұлттық комитеттің мәліметінше, екіншіден, жол қозғалысының ережелерін естен шығармау керек. Төлем қабылдау пунктіне жақындағанда қозғалыс жылдамдығын жол белгілеріндегі көрсеткішке сәйкес азайту керек. Алдағы автокөлікпен келесі көліктің арасында 10 метр қауіпсіз қашықтықты сақтау да өте маңызды. Бұл жол-көлік оқиғасының алдын алуға және автокөліктің санатын дұрыс анықтауға қажетті шаралардың бірі. Сонымен қатар, төлем қабылдау пунктінен жылдам өту үшін: көліктің нөмірлері таза, бүлінбеген және майыспаған болу керек.«Үшіншіден, төлемді алдын ала жасаудың тиімділігі туралы ұмытпаңыз. Төлем қабылдау терминалының қасында бағдаршам мен табло орнатылған. Автокөлік туралы ақпарат жүйеде анықталғаннан кейін таблоға автокөліктің нөмірі, төленетін қаражат сомасы және жеке шотта қалған қаражат туралы ақпарат шығады. Алдын ала төлем жасалған жағдайда бағдаршамның жасыл түсі жанып, шлагбаум ашылады. Егер жеке шотыңызда қаражат жеткіліксіз болса, қолма-қол төлем жасауға да болады. Терминал қағаз ақшаны, тиындарды және карточкаларды қабылдайды. Бұл жағдайда шлагбаумдар чекты алғаннан кейін ашылады», - делінген хабарламада.
12 тамыз 2019 ж. 1 000 0